Царукян: Шавкат мықты қарсыласпен кездескен жоқ

Редактор
02.06.2025, 16:19

Ол жаңа салмақта Махачевке лайықты қарсылық көрсететін адам аз екенін айтты

UFC

Жеңіл салмақта UFC рейтингінің көшбасшысы Арман Царукян Камил Гаджиевке берген сұхбатында Ислам Махачевтің жаңа дивизионда чемпион атануына еш кедергі жоқтығын айтты.

Жақында ғана Махачев бұдан былай қазақстандық Шавкат Рахмонов өнер көрсететін жартылай орта салмаққа (77 кг) ауысқаны белгілі болды. Царукянның сөзінше, жаңа салмақта Махачевке лайықты қарсылық көрсететін адам аз.

«Исламға 77 келі өте ыңғайлы болады деп ойлаймын. Көп салмақ қумайды, өзін жайлы сезінеді. Кезінде Камару Усман нағыз бабында жүргенде, мықтылығын көрсетті. Ал қазір бұл дивизионда ондай қарсыластар жоқ. Сол кездегі Камарумен кездессе, Исламға қиын болушы еді – себебі Усманның күресіне де, боксына да мін таға алмайсың, физикалық тұрғыдан өте мықты», – дейді Царукян.

Сонымен қатар ол Шавкат Рахмоновтың нағыз мықты қарсыласпен кездеспегенін де алға тартты:

«Қазір бұл салмақта Шавкат бар. Бірақ ол әлі топ қарсыласпен жолығып көрген жоқ. бірақ ол арақашықтықты жақсы сезінеді, күресі де жаман емес. Сондықтан оның күресі мықты спортшымен жекпе-жегін көргіміз келеді».

Царукян Махачевтің болашағы туралы да пікір білдірді:

«Меніңше, Ислам жартылай орта салмақта чемпион болады. Сол жерде қалады да, атағын қорғайды. Сонан соң: «70 келіге қайта түспей-ақ қояйын, осы жер жайлы» дейді. Одан кейін атағын екі рет қорғап, карьерасын аяқтайды деп ойлаймын».