UFC 319 турнирінде Бэттл өзбек файтері Нұрсұлтан Рузибоевпен кездесуі тиіс еді
Америкалық спортшы Брайан Бэттл (12-2-1) UFC ұйымымен ресми түрде келісімшартын тоқтатты. Бұған оның салмақ өлшеуде бірнеше рет тәртіп бұзуы және соңғы жанжалға байланысты әрекеттері түрткі болды.
UFC 319 турнирінде Бэттл өзбек файтері Нұрсұлтан Рузибоевпен кездесуі тиіс еді. Алайда америкалық спортшы орта салмақ лимитін сақтай алмай, таразыда 190 фунт (86,1 кг) көрсетіп, рекордтық деңгейде нормадан асып кетті. Соның салдарынан жекпе-жек толықтай тоқтатылды. Бұдан бөлек, Бэттл салмақ өлшеу кезінде өзбек жанкүйерлеріне қарсы дөрекі сөздер айтып, көпшіліктің сынына ұшырады.
Мен тек бір нәрсені білемін – барлық өзбек жанкүйерлері... (бейәдеп сөз – ред.). Әлеуметтік желілерімде күніне 200-ге жуық жаңа пікір түседі, кейде бір адам бір жазбаның астына 20 рет жаза береді. Олар тек Өзбекстан туын қойып, Рузибоевтың гифтарын жіберумен әлек. Кейде ағылшын тілінде мағынасы жоқ сөздер жазады, себебі аудармашыны қолданады. Мысалы, «Жексенбі күні сен Нұрсұлтанмен төбелесесің, сондықтан ұйықта!» деген сияқты. Бұл ең жақсы мысал, өйткені кейбір пікірлер мүлде мағынасыз. Бірақ бәрібір олар кейін мені жақсы көретін болады. Осы жекпе-жектен соң мен өзбек халқының «чемпионына» айналамын, – деген еді Бэттл.
Бұл жағдай Бэттлдің алғаш рет кездесіп отырған мәселесі емес. 2023 жылы ол жартылай орта салмақта екі мәрте ереже сақтамаған еді: Габриэль Гринмен және Рэнди Браунмен жекпе-жектер алдында. Дегенмен, екі кездесуде де жеңіске жеткен еді.
Жалпы UFC-дегі мансабында Брайан Бэттл табысты нәтижелерге қол жеткізді. The Ultimate Fighter 29 жобасының жеңімпазы атанғаннан кейін ол ұйым аясында 7 рет жеңіске жетіп, бір жекпе-жек No Contest мәртебесімен аяқталды. Алайда салмақ өлшеуде тәртіпті бірнеше рет бұзуы және спорттық этикаға қайшы әрекеттері ұйымның келісімшартты мерзімінен бұрын бұзуына себеп болды.
Ол әзірге өзінің болашақ мансабы жайлы ресми мәлімдеме жасаған жоқ.