Қарағандыдағы дау: Серік Сәпиевке айып тағылды

Редактор
28.01.2026, 15:55

Серік Сәпиевтің мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін бұзғаны анықталған

әлеуметтік желі

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов арасындағы дауға қатысты жүргізілген тексеріс аяқталды. Қызметтік тергеу нәтижесінде Серік Сәпиевтің мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін бұзғаны анықталған. Бұл туралы Orda.kz хабарлады.

Агенттік тарапынан жүргізілген тексеріс қорытындысында шенеуніктің мемлекеттік органның беделіне нұқсан келтіретін әрекетке жол бергені айтылған. Ресми қорытындыда Серік Сәпиевтің өзін қоғамдық ортада лайықсыз ұстағаны, ұжымдағы қалыпты жұмыс атмосферасын сақтауға ықпал етпегені және орынбасарына қатысты әдепке сай емес әрекет жасағаны көрсетілген.

«Ол қоғам алдында мемлекеттік органның абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерге жол беріп, ұжымда кәсіби әрі оң жұмыс қарым-қатынасын нығайтуға ықпал етпеген, сондай-ақ әріптесіне қатысты этикаға жат мінез-құлық танытқан», – делінген хабарламада.

Еске салайық, өткен аптада Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов арасында жанжал шыққан еді. Сәпиев өңірде жасырын ықпалы бар белгілі бір адамдар тарапынан қарсылыққа тап болғанын айтқан еді. Оның сөзінше, облыстағы спорт ұйымдарының басшыларын заңсыз ротациялау әрекеті жасалған және бұл іске оның орынбасары да араласқан.

Реклама
Реклама