«Күзетші секілді»: Олимпиада қарсаңында отандық спортшылардың киімі тағы сынға қалды

Редактор
28.01.2026, 16:44

Министр кем-кетіктің бәрі ескеріледі деп сендіріп отыр. 

ZTB

Ақ Олимпиаданың басталуына санаулы күн қалды. Қатысушы елдердің басым бөлігі жарыс пен салтанатты рәсімдерге арналған спорттық киім үлгілерін көпшілікке ұсынып үлгерді. Жазғы Олимпиадада әлем назарын аударған Моңғолия құрамасының формасы бұл жолы да оң бағасын алған тұста, қазақстандық спортшылардың Олимпиадада киетін киімі тағы да қоғам талқысына түсті.

Эскизі алғаш таныстырылған сәттен бастап-ақ сынның астында қалған ұлттық құраманың салтанатты формасына қатысты туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов та пікір білдірді. Оның айтуынша, салтанатты форманы толықтай Қызылордадағы отандық бренд тігіп шыққан.

Министрдің сөзінше, ұсыныстар мен ескертулер ескерілген, ал алдағы Азиада ойындарына арналған форма бойынша ашық конкурс жарияланбақ.

«Қазіргі салтанатты форма спортшыларымызға ұнап отыр. Барлығы тігілді, спорт қауымдастығымен бірлесе отырып келісілді. Салтанатты формадан бөлек, бізде жарыс кезінде қолданылатын спорттық жауынгерлік экипировка бар. Биыл дәл осы экипировканың нәтижеге тікелей әсер ететінін ескере отырып, халықаралық Under Armour брендімен келісімшарт жасадық. Бұл форма спортшыларымыздың жарыстарда қолдануы үшін алынған», – деді Ербол Мырзабосынов.

Сонымен қатар министр алдағы уақытта барлық отандық брендтер қатысатын ашық байқау өтетінін атап өтті.

Алайда бұл түсініктемелер қоғамдағы сын-пікірді бәсеңдете алған жоқ. Журналист Николай Энелане мәселенің жылдар бойы қайталанып келе жатқанын айтып, өткір пікір білдірді.

«Талғамды дамыту үшін, эксперимент ретінде министрдің өзі Олимпиадаға осы форманы киіп барсын. Өзі сезініп көрсін. Демеушілер есебінен тігілгені жақсы, бірақ оны үлкен жетістік ретінде көрсетуге болмайды. Керісінше, мұндай талғамсыз дүниеге қолдау көрсеткен демеушілерді аяп отырмын. Ал спортшылардың жағдайы тіпті аянышты. Оларға «ту тұрса болды емес пе, киіп жүре беріңдер» дегендей көзқарас танытылған. Басқа елдердің формасымен салыстырғанда біздің сүреңсіз киім бәсекеге қабілетсіз. Тәуелсіздіктің 35-жылына аяқ бастық, бірақ әлі күнге дейін талантты отандық дизайнерлермен жұмыс істей алмай келеміз. Әлде мәселе шенеуніктердің өзінде талғамның жоқтығында ма?» – дейді ол.

Әлеуметтік желідегі пікірлер де осы тектес. Қолданушылар қазақстандық спортшылардың сырт келбетін «күзетшінің формасына», «патрульдік полиция киіміне», тіпті «қаралы жиынға арналған костюмге» теңеп жатыр. «Qazaqstan деп жазып, жалауды жапсырып қоя салған» деген мысқыл да аз емес.

Реклама
Реклама