Жанкүйерлер сүреңсіз деп пікір білдіруде.
Туризм және спорт министрлігі 2026 жылы Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін қысқы Олимпиада ойындарында ұлттық құраманың киетін ресми экипировкасының эскизін таныстырды. Алайда оның дизайны көпшіліктің көңілінен шықпай, сынға ұшырады.
Ведомство мәліметінше, спортшылардың киім үлгісін арнайы жұмыс комиссиясы бекіткен. Комиссия құрамына Туризм және спорт министрлігінің, Ұлттық олимпиада комитетінің, ведомстволық ұйымдардың өкілдерімен қатар белгілі отандық спортшылар да енген.
Ұсынылған экипировка 22 атаудан тұрады. Оның ішінде Олимпиаданың ашылу және жабылу салтанаттарына арналған парадтық форма, жарыс кезеңінде киілетін жылы сырт киім, сондай-ақ жаттығу жиындары мен күнделікті қолдануға арналған спорттық және тұрмыстық киімдер бар.
Дегенмен бұл дизайн қазақстандық жанкүйерлер мен сарапшылардың көңілінен шыға қоймады. Әлеуметтік желілерде «форма тым қарапайым, ұлттық ерекшелік пен креативтен жұрдай» деген пікірлер жиі айтылуда.
Журналист Николай Энелане жаңа экипировкаға қатысты қатаң сын айтып, жағдайдың жылдар бойы өзгермей келе жатқанын атап өтті.
«Дизайнға қатысты креатив жоқ екенін бұған дейін де талай айтып, спорт шенеуніктерін сынадық, экипировка сапасы мен «қисық» тендерлерге қатысты қылмыстық істерге дейін қозғалды. Бірақ бәрібір ештеңе өзгерген жоқ», - деп жазды ол.
Оның айтуынша, Қазақстан құрамасының киімі өзге елдердің командаларымен салыстырғанда көзге көрінбейді де.
«Әлі де сол баяғы сүреңсіз қалып. Басқа құрамалардың қасында біз кадрға сирек ілінетін, қосалқы қызмет көрсететін персонал сияқты көрінеміз», - дейді журналист.
Әрине, шетелдік командалар көбіне танымал сән брендтерімен жұмыс істейді. Десек те Қазақстанда да лайықты балама табылатыны анық. Журналист жауапты органдардың неліктен отандық дизайнерлермен жұмыс істемегеніне наразы.
«Басқа елдерде ірі сән брендтері бар екені түсінікті. Бірақ Қазақстандағы жаңа брендтермен неге жұмыс істемеске? «Абай фабрикасы», Global Nomads, Qazaq Republic, Samidel, QURAQ KORPE, Qazaq Mood, Shanyraq - бүгінде этностильді, авангардтық, қайта ойластырылған ұлттық дизайн ұсына алатын 20-ға жуық мықты отандық бренд бар», - деп атап өтті ол.
Журналистің пікірінше, мүмкіндік болғанымен, мемлекет тарапынан ниет жоқ.
«Таңдау жеткілікті, бірақ олармен жұмыс істеуге деген ықылас жоқ сияқты. АҚШ құрамасының экипировкасына қараңызшы - стильдің сан алуандығына бүкіл әлем назары ауады. Ал бізден әлем қара түсті күртешелерді ғана көреді…», - деп түйіндеді Энелане.
Әлеуметтік желіде осыған ұқсас пікірлер өріп жүр. Жанкүйерлер бұл экипировканы ел намысын қорғайтын спортшыларға кигізу ұят екенін алға тартуда.
«Барахолкадан алған сияқты», «Дизайны сүреңсіз, тіпті ұят қой», «Қарулы күштердің киімі сияқты», «Базардан сатып ала салған-ау», - деп жазды көпшілік.
Қазіргі уақытта ұлттық құраманың олимпиадалық формасы Халықаралық Олимпиада комитетінің қарауына жіберілген. Ресми мәліметке сәйкес, экипировка бюджеттен тыс қаражат есебінен сатып алынған.
Айта кетейік, Қазақстан әзірге шорт-трек, конькимен жүгіру және мәнерлеп сырғанау спорт түрлері бойынша 23 олимпиадалық лицензияға ие. Ұлттық құраманың түпкілікті квоталары 2026 жылдың қаңтар айының соңында белгілі болады.
Қысқы Олимпиада ойындары 2026 жылғы 6-22 ақпан аралығында Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Байрақты додада 38 медаль жиынтығы сарапқа салынады.