Серік Сәпиев пен орынбасары қалай жазаланды?

Редактор
04.02.2026, 09:56

Серік Сәпиев пен Даурен Есімхановқа қатысты тәртіптік іс қаралған

әлеуметтік желі

Қарағанды облысында Әдеп жөніндегі кеңестің отырысы өтіп, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Даурен Есімхановқа қатысты тәртіптік іс қаралды. Тексеру барысында Әдеп кодексінің талаптары бұзылғаны анықталғанымен, экс-лауазымды тұлғаларға тәртіптік жаза қолданылмаған. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.

Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Жандос Сәрсеннің айтуынша, бұл іске негіз болған себеп – басқарма басшылығы арасында орын алған жария жанжал. Оқиға БАҚ пен әлеуметтік желілерде кең тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырған.

— Мемлекеттік қызметшілердің, әсіресе басшылық құрамдағы тұлғалардың әрекеті қызметтік әдеп нормаларына толық сай болуы қажет. Кез келген жанжал құқықтық әрі іскерлік форматта ғана шешілуі тиіс, — деді Жандос Сәрсен.

Оның мәліметінше, жанжал туралы ақпарат шыққан күні-ақ тәртіптік іс қозғалып, қызметтік тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде екі лауазымды тұлғаның әрекеттерінен Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің 6-тармағының 5-тармақшасын, сондай-ақ 1 және 7-тармақшаларын бұзу белгілері анықталған.

Алайда биыл 2 ақпанда Серік Сәпиев пен Даурен Есімханов мемлекеттік қызметтен өз еркімен жұмыстан кеткен. Осыған байланысты тәртіптік іс өндірісі ешқандай санкция қолданусыз тоқтатылған.

Кеңес төрағасы қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік қызметшінің өз еркімен жұмыстан кетуіне тек сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары немесе мемлекеттік қызметті дискредиттейтін әрекеттер қаралған жағдайда ғана тыйым салынатынын түсіндірді. Ал әдеп нормаларын бұзу мұндай негіздер қатарына кірмейді.

Реклама
Реклама