«Шынайы өмірден алшақ»: Украина спорт министрі ФИФА президентін сынап тастады

Редактор
03.02.2026, 22:56

Министрге Инфантиноның ресейлік спортшыларға қатысты пікірі ұнамаған. 

Коллаж

Украина спорт министрі Матвей Бидный ФИФА президенті Джанни Инфантиноның Ресейге қатысты санкцияларды қайта қарау жөніндегі сөздерін өткір сынға алды. Оның айтуынша, бұл – Украинадағы жағдайды елемеудің көрінісі.

Бидный Инфантиноның Ресей құрамалары мен клубтарын халықаралық жарыстарға қайта қосу мүмкіндігі туралы пікірін «жауапкершілігі жоқ адамның сөздері» деп бағалады. Украина спорт министрі әлеуметтік желідегі жазбасында ФИФА басшысының сөздері футболды шынайы өмірден бөліп көрсететінін атап өтті.

Еске салайық, Ресей құрамалары мен клубтары 2022 жылдың ақпанынан бері ФИФА мен УЕФА аясындағы турнирлерден шеттетіліп келеді. Содан бері ресейлік командалар әлем чемпионаттарына да, Еуропаның ірі жарыстарына да қатысқан жоқ.

Бұған дейін Джанни Инфантино бұл тыйымның «еш нәтиже бермегенін», керісінше, «ашу мен өшпенділікті күшейткенін» мәлімдеген. Сондай-ақ ол ресейлік балаларды кәрі құрлықтың өзге елдерінде футбол ойнауға жіберу жағдайды «жақсартуы мүмкін» екенін айтқан болатын.

Алайда Матвей Бидный бұл көзқараспен келіспейтінін ашық жеткізді.

«Мұндай сөздер футболдың шынайы өмірден алшақ екенін көрсетеді. Ал шынайы өмірде қаншама адам қаза тапты», – деді ол.

Сонымен қатар Украина спорт министрі «Ресей спортты саяси мақсатта пайдаланып отыр» деген мәлімдеме жасады. Ол Украина тарапы Украинаның футбол қауымдастығының ұстанымын толық қолдап, Ресейдің халықаралық жарыстарға қайта оралуына үзілді-кесілді қарсы екенін еске салды.

Реклама
Реклама

Материалда: