Ел қоржынында әзірге 1 алтын, 1 қола жүлде бар
Аустрияның Линц қаласында өтіп жатқан Гран-приі турнирінің соңғы жарыс күнінде қазақстандық екі балуан ширек финалға шықты.
-100 келіде Марат Байкамуров ширек финалға шықты. Ол іріктеу кезеңінде Аустрия және Сербия балуанын жеңді. Жартылай финал жолдамасын украин балуанымен сарапқа салмақ.
Сонымен бірге, +78 келіде Ақерке Рамазанова ширек финалға жолдама алды. Отандасымыз іріктеу бәсекесінде Украина және Грузия балуандарын жеңген еді. Енді ширек финалда француз балуанымен кездеседі.
90 келіде Айдар Арапов бірінші айналымда Пуэрто-Рико спортшысын жеңгенімен, екінші белдесуде Нидерланд балуанынан жеңілді.
-100 келіде Париж Гранд Слэмінің қола жүлдегері Шархан Нұрлыхан бүгін Аустрия балуанын жеңсе, 1/8 финалда Жапония спортшысына қарсы қауқар таныта алмады.
+100 келіде Жантілек Нұртілекұлы алғашқы айналымда Сербия балуаны Игорь Врагардан жеңілсе, әйелдер арасында +78 келіде Аида Тойшыбеков бірінші кездесуінде Израиль балуанынан жеңіліп қалды.
Қазақстан балуандары аталған турнирде әзірге 1 алтын, 1 қола жүлде иеленді. 81 келіде Алмат Әділет 7 наурыз күні чемпион атанса, 60 келіде Шерзод Давлатов қола жүлдеге ие болды.