Жарнама
Жарнама

Дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы спорттық мансабын аяқтады

Редактор
25.03.2026, 22:34

Дегучидің анасы жапон ұлтының өкілі, әкесі Канада азаматы

Olimpic.ca

Дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы атанған канадалық Криста Дегучи спорттық мансабын аяқтады. 31 жасқа қадам басқан балуан 24 наурызда татамидегі кәсіби жолына нүкте қойды.

Бұл туралы белгілі балуан әлеуметтік желідегі ресми парақшасында арнайы жазба жариялап, жанкүйерлеріне үндеу жолдады.

«Үш жасымнан бері айналысып келе жатқан дзюдодан кәсіби спортшы ретіндегі мансабымды аяқтадым. Өте қиын сәттер көп болды. Бірақ сол қиындықтардың ар жағында әрдайым жақсы нәрселер күтіп тұрды. Мен көптеген достар таптым, мақсаттарыма жеттім және тұлға ретінде өстім. Мұның барлығы маған дзюдоның бергені деп санаймын. Мен үшін кәсіби спорттан кету - бұл «оқуды тәмамдау» сияқты. Өкінбей, өз қалауыммен мансабымды аяқтау - үлкен бақыт. Осы жылдар ішінде көптеген адамдардың қолдауы арқылы жігерлене түстім. Енді мен дзюдошылардың келесі буынын қолдауға бар күшімді саламын. Осы 27 тамаша жыл үшін баршаңызға үлкен рахмет. Бұл шынымен де бақытқа толы жол болды. Жолымыз тағы бір күні қайта тоғысады деп үміттенемін», - деп жазды Дегучи.

Криста Дегучи -  57 келіде күрескен спортшы. Ол Токио Олимпиадасында бесінші орынға тұрақтаса, Парижде үздік шықты. Сонымен бірге, 2019 және 2023 жылдары әлем чемпионы атанды. Бұдан бөлек, 2018 жылы әлем біріншілігінде қола, 2024 жылы күміс медаль иеленген. Ал Панамерика чемпионаттарында 4 рет финалға шықса, оның үшеуінде алтын медальға қол жеткізді.

Дегучидің анасы жапон ұлтының өкілі, әкесі Канада азаматы. Ол 2017 жылдан бері Канада дзюдо федерациясының қолқа салуымен сол елдің атынан өнер көрсетті.

Спортшы 2024 жылы Астанада өткен Гранд Слэм бәсекесінде чемпион атанған. Сол сында дзюдошы қазақ жанкүйерлерінің өзін жақын қабылдағанына таңданысын жасыра алмай, Астана ерекше әсер қалдырғанын сұхбатында айтқан болатын.

Реклама
Реклама

Материалда: