Қазіргі уақытта ұсталғандардың өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қарағанды облысында әрекет еткен қылмыстық топтың заңсыз қызметін тоқтатты.
Ведомствоның мәліметінше, топ мүшелерінің бірі спорт саласындағы беделін пайдаланып, «спортты қолдау және дамыту» деген желеумен жастарды ауыр және аса ауыр қылмыстарға тартқан.
Аталған фактілер бойынша ұрлық, бопсалау, алаяқтық және тонау деректері бойынша алты қылмыстық іс қозғалды. Жедел іс-шаралар нәтижесінде 20 адам ұсталды.
Құқық қорғау органдары 47 санкцияланған тінту жүргізіп, нәтижесінде заңсыз айналымнан атыс және суық қарулар, оқ-дәрілер, автокөліктер, ірі көлемдегі ақша қаражаттары (оның ішінде шетел валютасы), сондай-ақ қылмыстық істерге қатысты басқа да айғақты заттарды тәркіледі.
Қазіргі уақытта ұсталғандардың өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс кез келген тұрақсыздық туғызу әрекеттері, азаматтарды заңсыз әрекеттерге тарту және оларға қысым көрсету фактілері заң аясында қатаң түрде тоқтатылатынын атап өтті.