Ол жеңіл айыппұлмен құтылған
Әлеуметтік желіде жол ережесін өрескел бұзған Mercedes-Benz G-class автокөлігінің видеосы тарап, оқырмандар арасында қызу талқыланған болатын. Белгілі журналист Михаил Козачковтың жазуынша, көліктің тізгінінде белгілі бапкер Айтым Жакупов болған көрінеді.
Қымбат көлік жолдың жүруге тыйым салынған бөлігімен қозғалып, өзге көліктерге кедергі келтіргені анық көрінеді.
«Кеше мен мемлекеттік номеры 777 болған Гелендвагеннің видеосымен бөліскен едім. Ол бірнеше рет жол ережесін бұзған. Белгілі болғандай, көлікті спорттық блогер Айтым Жакупов тізгіндеген екен. Оған үш бап бойынша айыппұл салынды. Қысқасы жеңіл құтылып кетті», - деп жазды Козачков өзінің Telegram-парақшасында.
Айта кетейік, Айтым Жакупов – «JANAMEN» жобасының авторы. Ол артық салмағы бар адамдардың спорт арқылы арықтауына көмектеседі. Негізгі қолдаушысы – ресейлік олигарх, IBA президенті Умар Кремлев екенін ашық айтады.