Айбек Нұғымаров Аягөз ауданының әкімі болды
Абай облысының әкімі Президент Әкімшілігі мен аудандық мәслихат депутаттарының келісімі негізінде Айбек Серікболұлы Нұғымаровты Аягөз ауданының әкімі қызметіне тағайындады.
1987 жылы дүниеге келген Айбек Нұғымаров бірнеше жоғары оқу орнында білім алып, құқықтану мамандығы бойынша магистр дәрежесін иеленген.
Еңбек жолын 2010 жылы Семейдегі олимпиадалық резервтегі спорт мектебінде жаттықтырушы-оқытушы ретінде бастаған. Кейін жоғары спорт шеберлігі мектебінде аға нұсқаушы-әдіскер болып жұмыс істеді. 2019–2025 жылдары Семей қаласындағы Көлік колледжін басқарса, өткен жылдан бері Аягөз ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген.
Айбек Нұғымаров – қазақ күресінің ең танымал балуандарының бірі. Ол Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, дзюдо және самбодан спорт шебері.
Спорттық мансабында 10 дүркін Қазақстан чемпионы, төрт дүркін Азия чемпионы, төрт дүркін әлем чемпионы және әлем кубогының үш дүркін жеңімпазы атанған. Сондай-ақ «Еуразия Барысы» турнирінде төрт рет, «Әлем Барысында» үш рет және «Қазақстан Барысы» турнирінде екі рет жеңіс тұғырына көтерілген.
Спорттан бөлек, қоғамдық-саяси салада да белсенді еңбек еткен. Ол «AMANAT» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі болып, VII және VIII шақырылымдағы Абай облыстық мәслихатының депутаты қызметін атқарған.