Ризабек Айтмұқан Азия біріншілігінде әлем чемпионы Ахмад Тажудиновпен күресуі мүмкін

Редактор
29.02.2024, 00:33

Тажудинов – әлем Олимпиада чемпиондарын бірінен соң бірін жеңген балуан

Фото ашық дереккөзден

Сәуір айыың 11-16 күндері аралығында күрес түрлерінен Бішкекте өтетін Азия чемпионатында әлем біріншілігінің жеңімпазы Ризабек Айтмұқан 97 келіде ел намысын қорғайды. Жаңа салмаққа ауысқан балуан өзінің спорттық мансабында алғаш рет олимпиадалық салмақтағы әлеуетін халықаралық додада байқап көрмек.

Былтыр Сербияда өткен дүниежүзілік чемпионатта 92 келіде барлық қарсыласынан басым түсіп, Қазақстан балуандары арасында еркін күрестен тұңғыш рет алтын медаль иеленген отандасымыз қырғыз топырағында биіктен көрінеріне бапкерлер зор сенім артып отыр.

Бұл сында 97 келідегі әлем чемпионы, бахрейндік балуан Ахмед Тажудинов те бақ сынайтыны белгілі болды. Азияның ғана емес, әлемнің үздіктері саналатын қос құрдас алғаш рет белдесуі мүмкін. Екі мықтының қайсысы жеңіске жететінін Бішкек бозкілемі анықтайды.

Айта кететін жайт, Бахрейн балуаны өткен жылы Азия чемпионаты мен Ойындарында, әлем біріншілігінде алтыннан алқа тақты. Сербиядағы сында Тажудинов Олимпиада чемпиондары америкалық Кайл Снайдер мен ресейлік Абдулрашид Садулаевты ірі ұпай айырмасымен ұтып, сенсация жасаған еді.

Ризабек Айтмұқан әлем чемпионатынан кейін олимпиадалық салмаққа ауысып, ақпан айының басында Қазақстан біріншілігінде күресті. Ол финалға дейін жеткенімен, шешуші белдесуде тараздық Әлішер Ерғалиге есе жіберді. Бастапқыда 10:5 ұпайымен алғаш шыққан әлем чемпионы соңғы минутта қолда тұрған басымдықты уысынан шығарып алған еді.