«Головкинді жай ғана пайдаланбақшы»: Амалбек Тшанов ҰОК-тегі ескі Қазақстан өкілдері туралы айтты

Редактор
29.02.2024, 09:43

Олар Головкиннің қолымен ескі әдетін жалғастыра береді дейді ол

olympic.kz

Бірнеше қаланың әкімі болған зейнеттегі экс-саясаткер, бокстан спорт шебері Амалбек Тшанов Ұлттық Олимпиада комитетіне Геннадий Головкиннің президент болғанына наразылығын білдірді.

Ардагер спортшының пікірінше, онсыз да құлдырап тұрған қазақ спортын көтеруге даңқты боксшының әлеуеті жетпейді.

«Головкиннің қазақ боксына сіңірген еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Ол – Қазақстанның патриоты. Бірақ, оның отбасы шетелде өмір сүреді. Генаға екі тарапта жұмыс істеу қаншалықты ыңғайлы? Мемлекетке өте білікті және тәжірибелі менеджер керек екенін өзі де түсінетін шығар деп ойлаймын. Мен оның мұндай тәжірибесі бар деп ойламаймын. Менің күдігімше, оны ҰОК-ты өз мақсатына пайдаланғысы келетіндер жай ғана пайдаланбақшы», - деп жазды Тшанов өзінің Facebook-парақшасына.

Ол Головкиннің коррупциядан аулақ екеніне сенімді. Алайда, оның маңына жиналған «ескі Қазақстан» өкілдері Генаның қолымен ескі былығын қайта жалғастыруы мүмкін деген қаупін айтты ардагер маман.

«Головкиннің жекпе-жектерін кім қаржыландырды? Ол кімнің алдында қарыздар? Орынбасарлары ескі Қазақстанның белді өкілдері бола тұра ол Комитетті қаншалықты таза басқара алады?

Бір олигархтан құтылғаннан кейін ҰОК-тегі өзгелерін тазарту керек еді. Біздің президент әліге дейін ел билігіне араласып келе жатқан ескі Қазақстан өкілдерінен құтылуы тиіс. Олар әліге дейін спортты қаржыландырып, спорт федерацияларын басқарып отыр. Олардың орнына аты былғанбаған, абыройы биік спортшыларды әкелу керек», - деді Амалбек Тшанов.

Сөз соңында Головкинге жаңа қызметте сәттілік тілей отырып, Тшанов оның орынбасарларына қатысты тағы қаупін айтып өтті.

Айта кетейік, ҰОК вице-президенттерінің қатарында Асқар Мамин бар. Сондай-ақ, басшылық құрамына Қуанышбек Есекеев пен Болат Өтемұратов та кірген.