Жарнама
Жарнама

«Бермесең, жұмыстан кетесің»: параспортшы федерация басшысына айлығын беріп отырған

Редактор
08.09.2026, 15:51

Полиция қылмыс белгілері анықталмағанын хабарлап, қылмыстық істі тоқтатты

Видеодан кадр

Астаналық параспортшы Жетес Нұрмағамбетов қалалық паракарате федерациясының басшысына қатысты мәлімдеме жасады. Спортшының айтуынша, ол екі жылға жуық уақыт бойы жалақысының бір бөлігін өзіне көрсетілген адамдарға аударуға мәжбүр болған. Алайда полиция қылмыс белгілері анықталмағанын хабарлап, қылмыстық істі тоқтатты.

Нұрмағамбетовтің сөзінше, 2023 жылы оған федерация құрамына кіріп, жалақы алу ұсынылған. Бірнеше айдан кейін спортшыдан тұрмысы төмен адамдарға көмек ретінде ай сайын 50 мың теңге аудару талап етіле бастаған.

Параспортшы 2024 жылы ақша беруді тоқтатқысы келгенін, алайда мұндай жағдайда жұмыстан кетуге тура келетіні ескертілгенін айтады. Соның салдарынан ол 23 ай бойы жалақысының шамамен үштен бір бөлігін көрсетілген есепшоттарға аударып отырғанын мәлімдеді.

Осыған ұқсас жағдайға аталған федерацияға тіркелген тағы бір спортшы Айжан Бекмұрат та тап болған. Оның сөзінше, бас тартқан жағдайда жұмыстан шығарылатыны айтылған.

Нұрмағамбетов полицияға арыз жазғаннан кейін федерация басшысы кешірім сұрап, аударылған қаражат қайтарылғанын жеткізді. Соған қарамастан, спортшы арызын кері қайтармаған.

Полиция қылмыстық істі тоқтатты

Ішкі істер министрлігі аталған дерек бойынша алаяқтық бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізілгенін хабарлады. Тергеу барысында қылмыстық құқық бұзушылық құрамын дәлелдейтін жеткілікті айғақ анықталмаған.

Осыған байланысты қылмыстық іс тоқтатылған. Бұл шешімнің заңдылығын қадағалаушы прокуратура тексеріп, қаулыны бекіткен.

Істі тоқтату туралы құжатта федерация басшысының да ұстанымы келтірілген. Ол спортшылардан ақша аударуды сұрамағанын және қаражат түскен адамдармен жақын араласпайтынын мәлімдеген.

Оның нұсқасы бойынша, параспортшылар екі әйелмен жарыстардың бірінде танысып, оларға өз еркімен қарызға ақша берген. Қаражатты алған әйелдер де осы түсініктемені растаған.

Ал Нұрмағамбетов бұл уәжбен келіспейді. Оның айтуынша, ақшаны алған әйелдердің бірі федерация басшысының туған сіңлісі, екіншісі құрбысы болуы мүмкін. Спортшы мұны беттестіру кезінде анықтағанын мәлімдеді. Алайда аталған мәлімет істі тоқтату туралы қаулыда көрсетілмеген.

Tengrinews⁠ редакциясы Нұрмағамбетов ұсынған, нотариус куәландырған хат алмасу көшірмелерін көргенін жазды. Басылым федерация басшысынан пікір алуға тырысқанымен, жауап ала алмаған.

2026 жылғы қаңтардан бастап Жетес Нұрмағамбетов паракарате федерациясының құрамында жоқ. Қазір ол бочча федерациясына тіркелгенімен, жалақы алмайтынын және ай сайынғы 110 мың теңге мүгедектік жәрдемақысына күн көріп отырғанын айтты.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс ресми түрде тоқтатылған. Заңнамаға сәйкес, тергеуді қайта бастау үшін істі тоқтату туралы қаулыны прокурор немесе сот жоюы қажет.

Реклама
Реклама

Материалда: