Мені қартайғандардың қатарына қосып қойды, бірақ әлі бабымдамын – Елдос Сметов

Редактор
10.04.2024, 14:27

Ол Олимпиада чемпионы болу арманынан әлі айнымағанын айтты

olympic.kz

Қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов сәуір айында Гонконгта өтетін Азия чемпионатына қарқынды дайындалып жатқанын мәлімдеді.

Спортшы қазіргі бабына, жарақатына, құрамадағы бәсекелестік пен Олимпиада алтынына қатысты ойын айтып, өз мүмкіндігінің қай деңгейде екенін атады.

«Қазіргі таңда жаттығу ойдағыдай өтіп жатыр. Соңғы жарыстардың бәріне жарақатпен қатыстым. Бүгін де жарақатымнан құлан таза айықтым деп айта алмаймын. Өйткені, кішігірім жарақаттар түбегейлі кетпейді. Бірақ 75-80 пайызға жақсарғанымды жасырмаймын. Азия чемпионаты қарсаңында тынбастан еңбектеніп жатырмын», - деді Сметов Olympic.kz сайтына берген сұхбатында.

Ол әңгіме барысында Олимпиада алтынын алсам деген арманның жетегінде жүргеніне 12 жыл болғанын жеткізді.

«Осы аралықта екі Олимпиаданың тұғырына шықтым. Бірақ бала күннен бергі арманым маған маза бермейді. Қазір менің жасым келгенін айтатын жанкүйерлер көп. Бірақ мен өзімнің бабымда екенімді, әлем мықтыларымен күресе алатынымды білгендіктен татамиде жүрмін», - деді Елдос Сметов.

Сондай-ақ, ол құрамадағы басты бәсекелестерінің жайына да тоқталды. 

«Соңымнан еріп келе жатқан екі бауырым бар. Бірі - Мағжан Шамшадин, екіншісі - Нұрқанат Серікбаев. Екеуі де әлемдік жарыстарда ысылып, ел намысын абыроймен қорғап жүр. Оларға үнемі ағалық ақылымды айтып, әрбір жеңісіне балаша қуанамын. Бірақ бұқаралық ақпарат құралдары үшеумізді үнемі қарсы қойып, бір-бірімізге жау көрсететіні бар. Шыны керек, менің басты қарсыластарым - шетелдік спортшылар. 60 келіде күресіп жүргеніме қаншама уақыт болды. Осы кезеңде қазақ балуандарын жеңіп жатсам, оған асып-тасып, қуанған емеспін. Ал әрбір жетістіктеріне тілеулеспін. Біздің бәрімізге ортақ мақсат - әлемдегі мықты балуандарды жеңіп, үздіктер қатарынан орын алу. Інілеріме де үнемі осыны айтып жүремін», - дейді ол.