Үздіксіз 60 сағат ойнаған шахматшылар рекорд орнатты

23.04.2024, 19:09

Бұған дейінгі рекорд 56 сағатты құраған

Фото ашық дереккөзден

Шахматтан Нигерия чемпионы Тунде Онакойя мен АҚШ-тың танымал ойыншысы әрі жаттықтырушы Шон Мартинес шахмат ойынының ұзақтығы бойынша әлемдік рекорд орнатты.

29 жастағы Онакойя мен Мартинес арасындағы кездесу Нью-Йорктегі Таймс-скверде өтті. Нигериялық шахматшы матчты өзінің Chess in Slums Africa ұйымының қайырымдылық науқаны аясында ұйымдастырды. Спортшы бұл қорды Африканың кедей аймақтарындағы балаларға білім беру үшін қаржы жинау мақсатында ұйымдастырды және ойын барысында 1 миллион доллар жинауды жоспарлаған. 

«Әлемге махаббаттың шынайы күшін көрсетейік. Біз бұған бірге қол жеткізе аламыз», - деп жазды Онакойя әлеуметтік желіде.

Бастапқыда партия 58 сағатқа созылуы керек еді, алайда Онакойя мен Мартинес арасындағы марафон 60 сағатқа созылып, яғни 20 сәуір күні таңертең бір-ақ аяқталды. Бұған дейінгі рекорд норвегиялықтар Халльвард Флатебё мен Сьюр Феркигстадқа тиесілі, олардың 2018 жылғы партиясы 56 сағат, 9 минут 37 секундқа созылып, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Дегенмен, ұйым өкілдері жаңа рекордқа қатысты әлі мәлімдеме жасаған жоқ.

Кездесу Нигерияда үлкен қызығушылық тудырып, тіпті елдегі ең үлкен қала Лагоста бірнеше жерде тікелей эфирде көрсетілген. Нигерия президенті Бола Тинубудың өзі Онакойяны арнайы құттықтады.

Нигериялық шахматшы өкілінің сөзіне қарағанда, ойынның алғашқы 20 сағатында 22 мың доллар жиналған.