Жапония құрамасы чемпион атанды
Дзюдодан Гонконгта аяқталған Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы командалық есепте үшінші орынға ие болды.
Жарыстың соңғы күнінде ұлттық құрама командасы ширек финалда Үндістан құрамасын ұтып, жартылай финалға шыққан еді. Алайда, финалға жолдама беретін бәсекеде отандық дзюдошылар командасы жапондарға есе жіберді.
Осылайша Түркменстан құрамасына қарсы өткен кездесуде спортшыларымыз 4:2 есебімен жеңіске жетіп, командалық сында қола жүлдегер атанды.
Турнир қорытындысы бойынша Жапония чемпион атанса, Моңғолия құрама күміс жүлдегер атанды. Ал үшінші орынға Қазақстан мен Өзбекстан дзюдошылары тұрақтады.
Бұған дейін жекелей сында әйелдер арасында Ғалия Тынбаева (48 келі) мен Есмигүл Құйылова (63 келі) және ерлерден Жанарыс Рахметқали қола жүлдегер атанды. Ал Абиба Әбужақынова, Нұрқанат Серікбаев, Ғұсман Қырғызбаев, Абылайхан Жұбаназар турнирді бесінші орынмен аяқтаса, Олимпиада ойындарының екі дүркін қола жүлдегері Елдос Сметов 7-ші орынға табан тіреді.