Қазақстан дзюдошыларының жеңіле беруінің себебі анықталды

27.04.2024, 09:46

Соңғы үміт – Астанада өтетін Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінде

olympic.kz

Дзюдодан Қазақстан құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов өз шәкірттерінің неліктен жүлдеге көп ілінбегенін айтты.

Есте болса жуырда ғана Гонконгта өткен Азия чемпионатында Қазақстан ерлер командасы бір ғана қола медальмен шектелген еді.

«Жаңа жылдан бері қарай балуандарымыз бес ірі турнирге қатысты. Шыны керек, шаршады. Азия чемпионатында басым бөлігі жартылай финалда жеңілді. Психологиялық тұрғыдан тұрақтылық болмады. Оның үстіне, жігіттерді сәл демалтып алу қажет боп тұр.

66 келіде Жанарыс Рахметқали қола медаль иеленді. Бұл жігіттің болашағы зор, былтыр жастар құрамасында өнер көрсеткен. Ғұсман Қырғызбаевтың орнын басатын спортшы да осы. Ал қалған дзюдошыларымыз 5-орынды қанағат етті. Бұл да жаман емес, рейтингілік ұпайларын алды.

Қазіргі таңда біздің командада буын алмасу кезеңі өтіп жатыр. Тәжірибелі спортшылардың орнын жас балуандар басып келеді. Оларды ірі жарыстарға қатыстырып, шыңдап жатырмыз. Мамандар біздің команданың аяқ алысын жақсы бағалауда. Кішкене уақыт керек», - деді бас бапкер olympic.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Айта кетейік, Олимпиада алдындағы соңғы ірі жарыс Астанада өтеді. Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирі 10 мамырда басталып, 12 мамырда мәресіне жетеді. Дзюдошылар осы жарыста барынша көп ұпай иеленуге тырысатыны белгілі. Өйткені, осының қорытындысы бойынша рейтинг жаңарып, Олимпиада жолдамасы үлестіріледі.