Кадыровтың 16 жастағы спортшы ұлы тағы бір қызметке тағайындалды

Редактор
29.04.2024, 16:31

Ол бұған дейін бірнеше рет мемлекеттік наградаларға ие болған еді

ТАСС

Шешенстан басшысының ұлы 16 жасар Адам жаңа қызметке ие болды. Енді ол – Владимир Путин атындағы Ресей арнайы жасақ университетінің кураторы.

Ұлының бұл қызметке тағайындалғанын Рамзан Кадыровтың өзі Telegram-каналында хабарлады. Саясаткер ұлының бұл міндетті абыроймен атқаратынына сенімді.

Кадыровтың сөзінше, бұл шешім аталған университет басшысы Байбетар Вайхановтың тапсырмасымен қабылданған.

«Адам Кадыров танымал университеттің қызметімен жақсы таныс. Мен оның өз міндетін абыроймен атқаратынына сенімдімін», - деп жазды Рамзан Кадыров.

Бұл Адам Кадыровтың алғашқы қызметі емес. 16 жастағы Кадыров – Шешенстан батыры, өз әкесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы және «Шейх Мансур» атындағы батальонның кураторы.

Жекпе-жек түрлерімен айналысатын Адам Кадыров түрлі спорттық жарыстардың жеңімпазы. Ол бокстан «Аңыздар уақыты» турнирлерінде топ жарған.