Легионер балуан Шалыгинаның неліктен лицензиялық турнирге қатысатыны белгілі болды

Редактор
30.04.2024, 12:12

Әзірге әйелдер күресінен Олимпиадаға бірде-бір жолдама жоқ

olympic.kz

Бішкекте күрес түрлерінен өткен лицензиялық турнирде жолдамадан тыс қалған легионер балуан Елена Шалыгинаға тағы да мүмкіндік беріліп отыр. Енді ол 9 мамырда Стамбұлда өтетін әлемдік ірктеу турнирінде белдеседі.

Әйелдер күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сағадиев 68 келі салмақта таңдау неліктен Елена Шалыгинаға түскенін айтты.

Оның сөзінше, аталған салмақта балуандарды таңдау барысында біраз тартыс болғанға ұқсайды.

«68 келі салмақта Елена Шалыгина белдесетін болды. Негізі, Бішкектегі турнирден соң Альбина Қайыргелдинованы да үміткер ретінде қарадық. Альбина әлі жас балуан, Азия чемпионатында да көзге түсе алмады. Сондықтан, бапкерлер мен федерация ақылдаса келе, Елена мен Альбина арасында өзара белдесу өткізуді жөн санадық. Сол кездесуде Шалыгина айқын басымдықпен жеңіп, Стамбұлдағы турнирге қатысу құқығын алып отыр», - деді ол Olympic.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Бұл салмақта күресетін Азия чемпионы Мәдина Бақбергенова Стамбұл бәсекесіне қатысудан ерікті түрде бас тартқан көрінеді.

«Мадина Бақбергенованы жанкүйерлер жақсы біледі. Бірақ Мадина іріктеу турнирлеріне қатысудан өзі бас тартты. Ол тұрмыс құрып, балалы болған соң, дереу спортқа оралды. Бірден Азия чемпионы атанды. Оның бұл жетістігі үлкен ерлік екені анық. Алайда, уақыт өте келе денсаулығы сыр бере бастады. Белінде жарақаты бар. Қазақстан чемпионатының финалында да Шалыгинамен белдесуден жарақатына байланысты бас тартты. Жарыс жақындаған кезде белі сыр береді. Соның салдарынан Мадинаны қаншама турнирден еріксіз алуға мәжбүр болдық», - деді Сағадиев.

Ал 76 келідегі балуандарды іріктеуде қандай негізге сүйенгенін де ол атап өтті.

«Жәмила Бақбергенованың Бішкектегі іріктеу сынында жолы болмады. Біз былтыр жылды қорытындылап, алдағы маусым жоспарларын анықтаған кезде, іріктеу турнирінде жолдамасыз қалған балуанның орнына Азия чемпионатында көзге түскен спортшы белдеседі деп шешкенбіз. 76 келіде Эльмира Сыздықова құрлық додасында қола медаль алды. Сондықтан, Стамбұлдағы турнирге заңды түрде барады. Бірақ бұл Бақбергенованы тізімнен сызып тастады деген сөз емес», - деді Сағадиев.

Түркияда өтетін іріктеу турнирі 9-12 мамыр күндері аралығында өтеді. Бұл сында еліміздің грек-рим құрамасынан – 2, еркін күрестен – 3 балуаны жолдама үшін сынға түседі. Ал әйелдер құрамасы әзірге жолдамаға қол жеткізген жоқ.