Қазақстан қоржынында әзірге тек бір қола медаль бар
Абу-Дабиде дзюдодан өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Есмигүл Куюлова алғашқы белдесуінде жеңіске жетті.
63 келіде күрескен отандасымыз қырғыз балуаны Адина Кошконбаеваны ұтты. Енді ол екінші кезеңде кабоверделік Сандрине Биллиетпен сынға түседі. Егер жеңіске жеткен жағдайда Польша-Венесуэла балуандары жұбының жеңімпазымен ширек финал жолдамасын сарапқа салады.
Сондай-ақ, 81 келіде күресуі тиіс болған Абылайхан Жұбаназар денсаулығына байланысты жарысқа шыққан жоқ.
Бұған дейін әлем чемпионатында белдескен Қазақстан балуандарының арасында тек Абиба Әбужақынова ғана қола жүлдеге ие болды. Ал, Елдос Сметов бесінші орынға тұрақтаса, өзге спортшылар іріктеу кезеңдерін сәтсіз аяқтады.
19-24 мамыр күндері аралығын БАӘ-де өтіп жатқан дүниежүзілік біріншілікке әлемнің 107 елінен 658 дзюдошы қатысып жатыр.