Мерген Александра Ле маусымдағы үздік нәтижені көрсетті

Редактор
03.06.2024, 14:22

Германиядағы әлем кубогының кезеңіне 88 мемлекеттен 612 үздік спортшы қатысып жатыр

Спортты дамыту дирекциясы

Мюнхенде нысана көздеуден маусымдағы соңғы Әлем Кубогінің кезеңінде Александра Ле маусымдағы үздік нәтижені көрсетті. 

Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 метрден пневматикалық винтовкамен нысана көздеуде ұлттық құрама спортшысы Александра Ле 632 ұпаймен 12-орыннан көрінген. Оның финалға шығуына 0,6 ұпай, ал Қазақстан рекордын тіркеуіне 0,7 ұпай жетпей қалды. Александра биыл наурызда Шымкентте өткен ел чемпионатында тура осыған жақын нәтиже көрсеткен (630.2).

Ел рекордының иесі - Елизавета Безрукова (632.7 балл). Іріктеу кезеңіндегі әлем рекордын осы сында Ханчжоудағы Азия ойындары мен әлем чемпионатының 3 дүркін жеңімпазы Хуан Ю Тин тіркеді (635.3 балл).

Қалған спортшыларымыздың көрсеткіші:

  • Елизавета Безрукова - 36-орын (629.3 балл)
  • Арина Алтухова - 77-орын (626.2 балл)
  • София Шульженко - 106-орын (622.2 балл)

Әйелдер арасында бұл бағдарламада 148 мерген сынға түсті. Александра - биыл халықаралық жарыстарда әйелдер арасында ең көп ұпай жинаған мерген болып отыр.

Винтовкамен нысана көздеуде команда сапында ерлерден үздік нәтижені Ислам Сатпаев көрсетті (629.3 ұпай). Ол жарысқа қатысқан 118 мергеннің ішінде 29-орынға тұрақтады. Одан кейін Константин Малиновский (54-орын), Никита Шахторин (92-орын), Матвей Тимофеев (102-орын).

Германиядағы әлем кубогының кезеңіне 88 мемлекеттен 612 үздік спортшы қатысып жатыр.