Алексей Ни жұртты «Ресей күнімен» құттықтады

Редактор
12.06.2024, 10:19

Ол Қазақстан ауыратлеттерін баптаған уақытта Олимпиаданың 6 алтын медалін жеңіп алып, артынша спортшылардың допинг қолданғаны анықталып, бесеуін кері қайтарып бердік

olympic.kz

Ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасын 22 жыл жаттықтырған Алексей Ни Ресей халқын мемлекеттік мерекесімен құттықтады.

«Бүгін, 12 маусым, «Ресей күнімен» осы елдің барша азаматын құттықтаймын. Бақытты, бейбіт өмір тілеймін», - деп жазды экс-бапкер WhatsApp мессенджеріндегі статусында.

Ресей 2022 жылы ақпанда Украина жеріне басып кіріп, соғыс жүргізген уақыттан бері елде жүздеген мың сарбаз қаза тапты деп жазады Батыс журналистері. Десе де, Кремль қаза тапқандар санын жасырып ұстап отыр. Сонымен қатар, РФ-ның бірнеше қаласы қазір әскери ракеталармен, дрондармен атқылануда. Нидің бейбіт өмір тілеуінің басты себебі осы жағдай болуы мүмкін.

Айта кетейік, бүгін ресейліктер «Ресей күнін» атап өтіп жатыр. 12 маусым – Ресей федерациясының ресми ұлттық мерекесі.

Осыдан 34 жыл бұрын Ресей Федерациясының халық депутаттарының алғашқы отырысында Совет одағынан мемлекеттің егемендігі туралы декларация қабылданған болатын. 2002 жылы 12 маусым Ресейдің Еңбек кодексіне ресми түрде мереке ретінде енгізілді.

Мерекеге орай Мәскеу түрлі идеологиялық шараларды ұйымдастырады.

Еске салсақ, Алексей Ни ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасын 1994-2016 жылдары баптады. 2016 жылы Рио Олимпиадасынан кейін қызметінен кетті. Нидің тұсында Қазақстан құрамасы ауыр атлетикадан Олимпиададан алты алтын, бес күміс, төрт қола медаль жеңіп алған. Бірақ допингтік тексерістен кейін алтын медальдың барлығына жуығын қайтарып бердік. Қазіргі кезде сол алты алтынның тек біреуі қалған.