Жұматай Шубаев еркін күрестен Белорусь ұлттық құрамасының жаттықтырушысы болып қызмет атқарады.
Белорусь ұлттық құрамасының жаттықтырушысы Жұматай Шубаев Париж Олимпиадасында еркін күрестен жалғыз шәкіртін жарысқа қосады.
Ұзақ жылдардан бері еркін күрестен бапкерлік қызмет атқаратын белгілі маман Францияда өтетін ойындарда Белорусь құрамасынан 74 келіде жолдама иелеген жалғыз балуан Магомедхабиб Кадимагомедовке үміт артып отыр.
Кадимагомедов бұған дейін Токио Олимпиадасында күресіп, күміс жүлдегер атанған еді.
Өткен ғасырдың сексенші жылдарының соңынан бері Гродно қаласында тұратын қазақ бапкерінің бұған дейін тағы бір шәкірті Рио Олимпиадасында қола медаль еншілеген.
Дегенмен, Токио Олимпиадасынан кейін Белорусь құрамасының халықаралық жарыстардан шеттетілуіне байланысты еркін күрестен жолдамалар санын толық иелене алмады.
Сондай-ақ, Белорусьтің грек-рим құрамасы да тек 60 келіде ғана Олимпиада лицензиясына қол созса, әйелдер құрамасының балуандары Парижге бару мүмкіндігін пайдалана алмады.