Ұлттық формаға тек қазақтардың емес, чехтердің де көңілі толмапты
Чехия ұлттық құрамасы Париж олимпиадасына арналған киімін таныстырды. Чехия ұлттық формасын көпшілік назарына ұсынғаны сол екен, жанкүйер жапа-тармағай сынай бастады. Сөйтсек, ұлттық формаға тек қазақтардың емес, чехтердің де көңілі толмапты.
Көпшілік Чехияның формасы өте сәтсіз тігілгенін айтып, спортшылар мұны Олимпиадада қалай киіп жүреді деп жазып жатыр.
«Әдетте кәдімгідей қуанатынмын, бірақ бұл жолы шынымен сәтсіз шығыпты», «Спортшылардың пікірі ескерілген бе? Елестетудің өзі қиын. Қаншама қуанышты жаңалық болып жатыр, ал біздің спортшылар «камуфляж» кие ме сонда?», «Мына халатты кім тіккен? Енді спортшылар мұны қалай киіп жүреді?», «Ең арзан дүкеннен сатып алған ба?», «Бір рет киіп, сосын қоқысқа тастайтын шығар», «Мына шапан (плащ) алжапқышқа ұқсайды, 60-жылдары әжем осындай киім киетін. Спортшыларға жаным ашып отыр», «Бүгін әзіл күні ме? Әйтпесе мынаны қалай шынайы қабылдауға болады?» - деп жазып жатыр адамдар.
Естеріңізде болса, қазақстандық спортшыларға арналған форманың алғашқы дизайны да сынға ұшыраған болатын. Негізі киім дизайнының конкурсы ақпан айында басталған, бірақ дизайнерлердің ешқайсысының жұмысы комиссия көңілінен шықпады. Тиісінше бұл байқаудың күші жойылып, кейіннен жеңімпаздар анықталды.
«Бірінші кезеңде 15 қатысушы жұмыс материалдарын 15 сәуірге дейін жіберген болатын. Екінші кезеңде 16-17 сәуір күндері ұсынылған жұмыс материалдарын арнайы комиссия қарады. Ұсынылған материалдарда қоғам тарапынан айтылған сындар ескерілді. Спорттық киімдердің сапасы талапқа сай жоғары», - делінген Туризм және спорт министрлігінің мәліметінде.
Ал туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев бұл киім үлгісін кім тігетінін және қаржыландыру көзін атады.
Форманың сапасы өте жоғары болады деп сенеміз. Неге десеңіздер, қаңтар айында үлкен комиссия құрылған. Ол комиссияның құрамында әлем чемпиондары, қоғам белсенділері жиналып, 25 адамнан құралды. Бірінші кезеңде 8 дизайнер қатысып, 6 форманы алып, бірақ дұрыс форма арасында болған жоқ. Сондықтан екінші кезең өтіп, көрсеткен форма шықты. Айта кетерлігі, қаржыландыру жеке демеушілер есебінен жүргізіледі, бюджет қаржысы емес. Ал киімді Испанияның Joma деген компаниясы тігеді, - деді Маржықпаев.