Қайрат Боранбаевтың әйелі мүлікті бөлу туралы арызданған. Сот шешім шығарды

Редактор
03.07.2024, 17:23

Шолпан Боранбаева Алматыдағы үй-жайы мен жер учаскесін бөліске салуды қалап отыр

prosports.kz

Алматы қаласының Медеу аудандық соты Қайрат Боранбаевтың әйелі Шолпанның тәркіленген мүлікті бөлу туралы арызын қанағаттандырмаған.  

Жоғарғы сот порталындағы іс материалдарында Шолпан Боранбаеваның Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында орналасқан Қайрат Боранбаевпен ортақ мүлкі – үй-жай мен жер учаскесін бөлу туралы талап арызбен сотқа жүгінгені туралы айтылады.

Құжатта мүлік олардың ортақ меншігі екендігі, тиісінше талапкер заттай үлестің 50%-ын бөлуді сұраған. Алайда істі сот талқылауына дайындау барысында бұл мүліктің Астана қаласы сотының үкімі бойынша мемлекет пайдасына тәркіленгені белгілі болды. 

Осылайша, 1 шілде күні Медеу аудандық соты бұл іске қатысты шешім шығарған. Сот Шолпан Боранбаеваның Қайрат Боранбаевпен ортақ мүлкін бөлу туралы талап арызын қанағаттандырмаған. Арыз берушінің апелляция жасай алатыны жазылған.

Естеріңізде болса, 14,5 миллиард теңгені жымқырды деп айыпталған белгілі кәсіпкер Қайрат Боранбаев алты жылға сотталған. Дегенмен оның жазасы өзгертіліп, бас бостандығын айыру жазасы шектеу шарасына ауыстырылды. Сот үкімі күшіне еніп, 6 қарашада Қайрат Боранбаев бостандыққа шықты. 
Абақтыдан шыққан соң ол өзі басқаратын «Қайрат» футбол клубындағы жұмысына оралды. Бұдан бөлек маусымның басында Ұлттық паралимпиада комитетінің президенті болып қайта сайланды.