Айдос Сұлтанғали Парижде күресетін үздіктер қатарына енбей қалды

Редактор
06.07.2024, 10:12

Сарапшылар финалда қырғыз бен жапон балуандары белдесуі мүмкін деген болжамын айтты

olympic.kz

Жиырма күннен кейін Франция астанасында ХХХІІІ Жазғы Олимпиада ойындарында грек-рим күресінен сынға түсетін 60 келідегі ең басты фавориттер есімі аталды.

SportBall24 спорт сарапшылары бұл салмақта 16 балуан белдесетінін атай келе, олардың арасында қырғыз бен жапон балуандарын үздік ретінде таныды.

Бұл салмақта Токио Олимпиадасында чемпион атанған кубалық Луис Орта Санчес салмақ ауыстырып, 67 келі белдесіп жүр. Бұл өзге спортшылардың жолын ашып, жаңа чемпионның шығуына мүмкіндік тудырып отыр.

60 келіде соңғы өткен әлем чемпионатында топ жарған қырғыз балуаны Жоламан Шәршенбеков чемпион атануы мүмкін №1 балуан ретінде танылған. Ол осы олимпиадалық циклда 3 әлем чемпионатының барлығында финалға шығып, тек 2021 жылы ғана есе жіберген. Шәршенбеков өткен жылы Азия Ойындарында топ жарса, биыл Бішкекте өткен Азия чемпионатында тағы жеңіске жетті. Жоламан өзінің сын сағатта сыр бермейтін тастай мінезімен бозкілемде ерекше көзге түседі. Алдын ала болжам бойынша, ол кемінде финалға дейін еркін жетеді.

Жапониялық Кеничиро Фумита Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері. Бұл сын оған таптырмайтын мүмкіндік екені даусыз. Алайда Фумита былтыр әлем чемпионатының финалында Шәршенбековтен ұтылып, күміс жүлдеге ие болды. Соған қарамастан жапон балуаны Париждегі ең мықты балуандардың бірі саналады. Сарапшылар болжамы бойынша, Фумита кемінде жартылай финалға жететін әлеуетке ие. 

Әзірбайжандық Мурат Маммадов үздік үштіктен үмітті басты балуандардың бірі. Спортшы осы циклда тәуір күрес көрсетті. Ол – әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы атанған атлет. Маммадов Венгрияда өткен лицензиялық турнирде 60 келіде 2021 жылғы әлем чемпионы молдовалық Виктор Чиобануды 10:0 есебімен ойсырата ұтты.

Бұл үш балуан SportBall24 сарапшыларының пайымында негізгі үштікке ену ықтималдығы өте жоғары. 

60 келіде Париж Олимпиадасында белдесетін грек-рим күресінің балуандары төмендегідей: 

  • Жоламан ШӘРШЕНБЕКОВ (Қырғызстан) - екі дүркін әлем чемпионы, үш мәрте біріншілігінің жеңімпазы. 
  • Кеничиро ФУМИТА (Жапония) - Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионы. 
  • Лигуо ЦАО (Қытай) - әлем чемпионатының қола жүлдегері.
  • Айдос СҰЛТАНҒАЛИ (Қазақстан), әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Азия чемпионы. 
  • Илхомжон БАХРАМОВ (Өзбекстан)  - әлем чемпионатының қола жүлдегері.
  • Виктор ЧОБАНУ (Молдова)  - әлем чемпионы, Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері.
  • Садык ЛАЛАЕВ (Ресей, бейтарап ту астында күреседі) - әлем чемпионатының қола жүлдегері.
  • Мурад МАММАДОВ (Азербайджан)  - сәлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы. 
  • Георгий Тибилов (Сербия) - әлем чемпионатының қола жүлдегері.
  • Мехди МОХСЕН НЕДЖАД (Иран).
  • Райбер РОДРИГЕС (Венесуэла).
  • Кевин ДЕ АРМАС (Куба). 
  • Абделькарим ФЕРГАТ (Алжир).
  • Моамен МОХАММЕД (Мысыр).
  • Энес БАЗАР (Түркия). 
  • Сеунг РИ (КНДР).