Париж-2024: Қазақстан жалпыкомандалық есепте екінші орынға көтерілді

Редактор
28.07.2024, 00:48

Бірінші орында Қытай командасы тұр

olympic.kz

Олимпиада ойындарының бірінші жарыс күнінен кейін Қазақстан спортшылары жалпыкомандалық есепте екінші орынға жайғасты. Бүгін ұлттық құраманың қоржынына бір алтын және бір қола медаль түскен болатын.

Алтын медальды дзюдодан 60 келіде өнер көрсеткен Елдос Сметов жеңіп алған болатын. Ол финалдық белдесуде жарыс қожайыны – франциялық Лука Мхелидзені жеңді.

Ал, қола медальды пневматикалық винтовкамен 10 метрден нысана көздеуден Қазақстан-1 командасы қоржынға түсірді. Үшінші орын үшін болған сайыста Ислам Сатпаев пен Александр Ле жұбы Германия құрамасынан (Анна Янсен, Максимилиан Ульбрих) басым түскен еді.

Жарыс кестесінде Қазақстанмен бірге екінші орынды Бельгия және Жапония командалары бөлісіп тұр. Олардың да еншісінде бір алтын және бір қола медальдан бар.

Бірінші орын Қытайдың еншісінде, «аспанасты елінің» өкілдері бүгін екі алтын медаль иеленді.