«Бұл менің таңдауым»: Қазақстан азаматтығын алған Ресей спортшысы өзін айыптайтындарға жауап берді

Редактор
29.07.2024, 10:04

Оны қолдаушылар да табылып жатыр

Чемпионат

Мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін өзін «сатқын» деп айыптаушылардың көбейгенін айтады. Дегенмен, ол мұндай сөздердің өзіне кері әсер етпейтінін, шешімді саналц түрде қабылдағанын мәлімдеді.

Айта кетейік, Самоделкина биыл Қазақстан азаматтығын алды. Бұған дейін ол Ресей атынан жасөспірімдер арасында көптеген халықаралық турнирлерді жеңіп алған. Ресейге әлемдік спорт ұйымдары жаппай санкция сала бастағанда Қазақстан азаматтығын алуға шешім қабылдап, біздің ел атынан бір жарысқа қатысып үлгерді.

«Мен бұл шешімді қабылдағанымда әлеуметтік желіде мені айыптаушылар көбейетінін білгем. Бірақ, ақпарат мұншама тез тарап кетеді деп күткен жоқпыз. Миллиондаған пікір жазылды, журналистер қайта-қайта қоңырау шалып, мазамды алды. Мен түк істей алмадым.

Бір мақаланың астына түсіп, пікіплерді оқып көрдім. Бәрі жаман емес екен, «дұрыс шешім қабылдады, біз сені қолдаймыз, Құдай жолыңды оңғарсын», деген сияқты пікірлер оқыдым.

Бірақ, «сатқын» дейтіндер де бар. Мен бұған үйреніп қалдым, қатты ашуланбаймын. Өйткені, бұл менің шешімім, менің отбасым, бапкерім маған осындай шешім қабылдауға көмектесті», - деді Самоделкина Tengrisport.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Еске салайық, Софья Самоделкина шілде айында Қарағандыда өткен ел чемпионатына қатысып, чемпион атанды.