Олимпиада уақытында Франция бюджетіне туристер есебінен 10 млрд еуроға дейін кіріс кіруі мүмкін
Париж Олимпиадасы уақытында метро билетінің бағасы екі есеге қымбаттайды. Франция билігі осындай арнайы шешім қабалдап отыр. Енді метромен жүру бағасы 2,10-нан 4 еуроға қымбаттамақ.
Euronews-тің жазуынша, Иль-де-Франс басшысы Валери Пекресс аталған қымбатшылықтың франциялықтарға еш әсері болмайтынын атап отыр. Яғни, билет бағасы Олимпиаданы көруге келген туристер үшін ғана қымбаттайтын болады.
Бағаның өсуі жарыс кезінде қоғамдық көлік қызметіне сұраныстың бірнеше есеге артуымен түсіндірілді. Бұл кезде мемлекетке 200 млн еуро көлемнінде шығын келеді деп есептеліп отыр. Ал бұл шығын елге келетін шетелдіктер есебінен толтырылмақ.
«Олимпиада және Паралимпиаданы өткізу бойынша Île-de-France Mobilités компаниясы көлік қызметінің бағасын екі есеге көтереді. Ал бұл қосымша шығынды Париж тұрғындары тартуы тиіс емес. Сол үшін жаңа жол жүру ақысын енгізу көзделген. Күніне 16 еуро – бұл әділетті баға болмақ. 20 шілде мен 8 қыркүйек аралығында бір апталық жол жүру билеті 70 еуроға дейін қымбаттаса, ал метро билеті – 4 еуроға жоғарылайды. Бұл ретте қала сыртына қатынайтын электрлік көліктерінің билет құны 6 еуроға бағаланады», - деді Пекресс өз сөзінде.
Алдын ала болжам бойынша келер жылы өтетін Олимпиада ойындары кезінде Францияға 10 миллион турист келетіні алдын ала болжанып отыр. Мемлекеттің Парламент есебіне сәйкес, олар 5-10 миллиард еуро көлемінде табыс әкелуі мүмкін.