Қазақстан спортшылары Париж олимпиадасына небәрі 17 жолдама иеленген

Редактор
29.11.2023, 16:59

Спорт шенеуніктері тағы 90 жолдама аламыз деп жоспарлап отыр

Фото ашық дереккөзден

Қазақстан спортшылары басталуына 8 айдан аз ғана уақыт қалған Париж олимпидасына бар жоғы 17 лицензия жеңіп алған. Бұл туралы Астанада дене шынықтыру және спорт саласындағы мәселелер мен ел спортшыларының Парижде өтетін XXXIII жазғы Олимпиадаға дайындығы, қатысуы бойынша кеңейтілген отырыста Ермек Маржықбаев айтты.

Аталған жолдамалар барлығы сегіз спорт түріне ғана тиесілі. Бұл басқа олимпиадалардың дәл осы кезеңдегі лицензия санымен салыстырғанда өте аз. Министр келер жылы өтетін басты бәсекесінің нәтижесі қазірден алаңдап отырғанын жасырмады.

Еліміздегі дамыған спорт түрі бокстың өзінен әзірге 2 ғана жолдама бар екен. Маржықбаев мұны өте нашар көрсеткіш деп бағалаған. Ал спортты дамыту дирекциясының өкілі Олимпиадаға дейін тағы 90 лицензия жеңіп алу міндеті тұрғанын айтып отыр.

«Кейінгі Олимпиада мен Азия ойындарының нәтижелері көңіл көңшітпейді. Жылдан жылға қаржыландыру көлемі артып жатқанымен, өкінішке қарай, спорттық көрсеткіштер мен тиімділік төмендеген. Осының барлығы спорт саласындағы қордаланып, шешімін таппай келе жатқан проблемалардың бар екенін көрсетеді. Алдымызда үлкен жауапкершілік жүктеліп тұр. Төртжылдықтың басты додасы – Париж олимпиадсына даярлық», - деді Е.Маржықбаев.

Сондай-ақ, ол бокстан Қазақстан Спартакиадасында Солтүстік Қазақстан облысынан бірде-бір боксшы қатыспағанын, Ақтөбе облысының боксшылары 10 салмақ дәрежесінде бақ сынғанымен, жүлдеге қол жеткізбегенін ащы сынға алды.

«Қарағанды облысы спортшыларының өнері әбден көңілімізді қалдырды. Өйткені кеншілер қаласының былғары қолғап шеберлері әрқашан жоғары орындардан көрінетін. Бұл жолы бір ғана қола медальді қанағат тұтты. Өкінішке қарай, қазіргі таңда аймақта Серік Нұрқазов, Василий Жиров, Серік Елеуов, Геннадий Головкин, Серік Сәпиев, Абылайхан Жүсіпов секілді саңлақтардың ізін жалғайтын боксшы жоқ. Бұл – дабыл қағатындай жағдай», - деді Ермек Маржықпаев.