Күрестен ел чемпионатында топ жарған балуандар лицензиялық жарысқа қатысады

Редактор
30.11.2023, 12:00

Күрес түрлерінен әзірге екі лицензия ғана бар

olympic.kz

Күрес түрлері бойынша Қазақстан чемпионаты 2024 жылдың ақпан айында Астанада өтеді. Біріншілікте топ жарған спортшылар Париж Олимпиадасының лицензиялық турниріне қатысатыны айтылып отыр.

Маңызды жарыс ақпан айының 5-11 күндері аралығында жалауын желбіретеді. Бұған дейінгі ел чемпионаты республикалық Спартакиада аясында өткен болатын.

Олимпиада алдында жарыста топ жарған балуандарға жүктелетін міндет көп. Олар сәуір айының 19-21 күндері Бішкек қаласында өтетін азиялық іріктеу турниріне қатысады. Бұдан бөлек, мамыр айының 9-12 күндері Стамбулда әлемдік лицензиялық жарыс ұйымдастырылады.

Қазақстан балуандары әзірге Париж олимпиадасына еркін және грек-рим күресі бойынша 1 жолдамадан ғана иеленді. Биыл Белградта өткен әлем чемпионатында Азамат Дәулетбеков еркін күрестен қола жүлдегер атанса, грек-рим күресінен Нұрсұлтан Тұрсынов та жолдамаға ие болған еді.

Қазіргі уақытта Қазақстан спортшылары барлық спорт түрі бойынша 17 жолдама иеленген. Ал Париж олимпиадасына дейін олардың санын 90-ға жеткізу жоспарланған көрінеді.