Парижде қырғыздың соңғы балуаны Олимпиада алтынынан үміт үзді

Редактор
10.08.2024, 23:07

Ол Токио Олимпадасына қатысып, жартылай финалға дейін жеткен

24.kg

Париж Олимпиадасында әйелдер күресінен чемпион атанады деп күткен қырғыздың соңғы балуаны есе жіберді.

76 келіде жартылай финалға дейін жеткен Айпері Медетқызы шешуші белдесуде АҚШ балуаны Кеннеди Алексиске 8:6 нәтижесімен ұтылды.

Тартысты белдесуде Айпері барын салғанымен, қарсыласына ұпай саны бойынша жете алмады. Осылайша ел құрамасының басты балуандарының бірі Олимпиада финалынан тыс қалып отыр.

Айта кететін жайт, Айпері Медетқызы Токио Олимпадасына қатысып, жартылай финалға дейін жеткен. Ол қола жүлде үшін белдесуде түрік спортшысына есе жіберген еді.

Ертең ол Париж Олимпиадасының қола жүлдесі үшін Румыния-Куба балуандары жұбының жеңімазымен күреседі.

Қырғыз спортшысы 2021 және 2023 жылдары әлем чемпионатында күміс және қола жүлде еншілеген. Сондай-ақ, былтыр Қытайда өткен Азия ойындарында топ жарды.

Енді Қырғызстан құрамасынан Олимпиада алтыны үшін бокстан 57 келіде Мұнарбек Сейітбекұлы сынға түседі. Аталған боксшы қырғыз спортының тарихында бокстан Олимпиадада жүлде алған алғашқы атлет атанбақ.

Материалда: