Жекпе-жек алдында өзімді емес, Ақжолды көбірек уайымдадым – Демеу Жадыраев

Редактор
15.08.2024, 16:32

Демеу Жадыраев ширек финалда қырғыз балуанын жеңген еді

Видеодан кадр

Грек-рим күресінен Қазақстанға Олимпиаданың күміс жүлдесін сыйлаған Демеу Жадыраев жекпе-жек кезінде өзі үшін емес, қырғызстандық балуан Ақжол Махмұдов үшін көбірек уайымдағанын айтты. 

«Ақжол Махмұдов – бауырым. Бір-бірімізге сәттілік тіледік. Күресетін кезде ағасы ретінде қарағандықтан да дұрыс күресе алмаған шығар деп ойлаймын. Өзі де солай айтты. «Финалға шық» деп сәттілік тілеп кетті. Мен де оған «босаңсыма» дедім. Аллаға шүкір, финалға шықтым. Өзімді емес, Ақжолды көбірек уайымдадым десем де болады. Сенен ұтылған балуан, келісі айналымда сен ұтылған жағдайда, медальға таласу құқығынан айырылады. Сол себепті жауапкершілік болды. Ақжолды да шығару керек дедім. Ақжолға да мүмкіндік бергеніме қуаныштымын. Финал алдында дене қыздыру жаттығулары кезінде де бір-бірімізге сәттілік тіледік, тілеулес болдық, сонан соң тұғырда бірге суретке түстік. Керемет әсер алдық», - деді Демеу Жадыраев Sport+Qazaqstan арнасына берген сұхбатында.

Естеріңізде болса, Парижде топ жарады деген «Қырғыздың акуласы» Жадыраевқа жол беріп, кейіннен Демеудің финалға өтуіне байланысты қола жүлдеге таласуға мүмкіндік алды. Қырғызстандық жас балуан бұл мүмкіндікті мүлт жібермей, елінің қоржынына Париж олимпиадасының қола жүлдесін салды. Жүлдегерлерді марапаттау кезінде қазақ-қырғыз балуандары екеуі суретке түсіп, бір-біріне деген сыйластықты паш етті.