«Финалда өзімді бақылай алмадым». Демеу Жадыраев жапон балуанымен күрестегі қателігін атады

Редактор
15.08.2024, 20:32

Финалды күту, сұхбаттар мен құттықтаулар да әсер еткенін айтады

Видеодан кадр

Париж Олимпадасында грек-рим күресінен күміс жүлдегер атанған Демеу Жадыраев өзінің қарсыластары туралы айтып, финалда жауапкершілікті қатты сезінгенін жеткізді.

Sport+Qazaqstan арнасына берген сұхбатында жапон спортшысына қарсы дайындығы дұрыс болғанын атап өтті.

«Финалда күресудің жауапкершілігі маған психологиялық тұрғыдан қатты сезілді. Белдесудің екінші бөлігінде кілемде жоқ секілді күйде болдым. Трибунада, тұғырда тұрған сәттерім елестей берді. Олимпиаданың мысы қатты басты. Алғашқы күні ондай ауыртпалық болмаған еді. Қатардағы турнирде күрескендей күй кештім. Бас бапкер бағыт-бағдар беріп, жөн сілтеп, кеңесін құлағыма құя берді. Сол мәнермен күресу арқылы финалға жеттім. Ал финалды бір күттік. Ұзақ уақыт күту, құттықтаулар, сұхбаттар бәрі әсерін тигізбей қоймады. Сол тұста өзімді бақылай алмай қалғандаймын», - деді Демеу Жадыраев.

Ол Токио Олимпиадасы өзі үшін үлкен тәжірибе болғанын айтады. Бірінші белдесуде ұтылғаны өзіне ауыр соққанын да айта кетті. Сондай-ақ, бұған дейін Парижде өткен әлем чемпионатында күміспен оралғанын еске алды.

«2017 жылы Парижде өткен әлем чемпионатында күміс медаль алғанмын. Ол кезде финалға шыққан едім. Осы жолы да сол сценарий қайталанды. Маған бұл қала ұнайды. Алдағы Олимпиадағы баруым уақыттың еншісінде. Қазір ол туралы ойлап жүргенім жоқ. Сіздердің қошеметтеріңізге бөленіп, жеткен жетістігімнің халық үшін қуанып жүрмін», - деді спортшы.

Айта кетейік, Демеу Жадыраев 77 келіде Париж Олимпиадасында 4 белдесу өткізіп, күміс жүлде иеленді. Ол алғашқы белдесуде Колумбия балуанын ұтса, ширек финалда Токио Олимпиасының күміс жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионы Ақжол Махмұдовты қапыда қалдырды. Жартылай финалда әлем чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері, Әзірбайжан балуаны Санан Сулейманов 6:1 есебімен жолда қалдырды. Ал финалда жапония спортшысымен күресіп, 5:2 ұпайымен есе жіберді.