Токио Гранд слэмінде күресетін қазақ дзюдошыларының қарсыласы белгілі болды

Редактор
01.12.2023, 16:35

Бұл дзюдошылар үшін жылдың соңғы ірі жарысы

Фото ашық дереккөзден

Токиода ертең басталатын Гранд слэм бәсекесінде қазақстандық дзюдошылардың қарсыластары анықталды. Бұл сында еліміздің 20 балуаны бірнеше салмақта күресетін болады. Жыл соңындағы қорытынды турнирде жүлдеге қол жеткізген балуандар Олимпиада қарсаңындағы рейтингте маңызды ұпайға ие болады.

60 келіде Елдос Сметов бірінші айналымда бразилиялық Аугусто Мишельмен шеберлік байқасады. Оны жеңсе, екінші айналымда түркіменстандық Айбек Өміровпен белдеседі. Осы салмақтағы Нұрқанат Серікбаев бірінші айналымда бос. Ол Ресей мен жапон балуандары жұбының жеңімпазымен күреседі.

66 келіде Ғұсман Қырғызбаев бірінші айналымда неміс балуаны Иккес Давидпен күш сынаспақ. Одан өтсе испан Гарсия Торнемен татамиге шығады. Аталған салмақтағы Нұрзат Сәлімбаев бірінші белдесуін Сауд Арабиясының өкілі Хавсави Моуноумен өткізеді. Оны жеңген жағдайда молдовалық спортшымен өзара мықтыны анықтайды. 

73 келіде Данияр Шамшаев польшалық Адам Стодольскимен белдеседі. Ал, Асқар Нарқұлов бірінші айналымда бос. Ол неміс пен грузин балуандары жұбының жеңімпазымен кездеседі.

81 келіде Абылайхан Жұбаназар бірінші айланымда демалады. Оның қарсыласы қырғыз бен Аргентина балуандарының жұбында басымдық танытқан балуан болмақ. Сондай-ақ, Руслан Мұсаев та бірінші айналымда бос. Ол Уругвай мен Катар балуандарының жұбының жеңімпазымен күреседі.

90 келіде Айдар Арапов бірінші айналымда бос болғандықтан Швеция-Канада балуандарының белдесуін күтеді. Бұл салмақтағы Ермахан Әнуарбеков марокколық Моути Ашрафпен айқасқа шығады. 

-100 келіде Шархан Нұрлыхан хорват спортшысы Златко Кумричпен күреседі. Бекарыс Сәдуақас АҚШ балуаны Такузо Такахачимен өзара мықтыны анықтамақ.

Аса ауыр салмақтағы балуандар Ерасыл Қажыбаев – АҚШ, Ғалымжан Қырықбай Әзірбайжан балуанымен күш сынасады.

Әйелдер құрамасы бұл сынға толық құрамда қатыспайды. 48 келіде Ғалия Тынбаева мексикалық Една Гарриламен күрессе, Абиба Әбужақынова алғашқы айналымда бос. Ол Тайпей-Израиль балуандары жұбының жеңімпазымен үздікті анықтайды. 

63 келіде Есмигүл Құйылова алғашқы айналымда бос болғандықтан жарысты екінші кезеңнен бастайды. Оның қарсыласы ресейлік Камила Бадурова болып отыр. 70 келіде Екатерина Токареваның да қарсыласы – Ресей дзюдошысы Мадина Таймазова. 

+78 келіде Назгүл Маратова Францияның тәжірибелі балуаны Хайме Коралиемен шығады. Ал Кәмила Берліқаш Гранд Слэмді екінші кезеңнен бастап, Венесуэла-Тайпей балуандарының жұбымен белдесу өткізеді.

Материалда: