Әлішер Ерғалимен күресте жарақат алған Олимпиада чемпионы ота жасатты

Редактор
22.08.2024, 23:11

Танымал спортшы қазір Швейцарияда ем алып жатыр

t.me/borba_wrestling

Париж Олимпиадасында еркін күрестен 97 келіде чемпион атанған Бахрейн балуаны Ахмед Тажудинов иығына ота жасатты.

Танымал спортшы қазір Швейцарияның Цюрих қаласында клиникалардың бірінде ем-дом алып жатыр. Енді оған жақын аралықта халықаралық жарыстарды босатуына тура келіп отыр.

Белгілі болған дерек бойынша спортшы Минскіде өткен оқу-жаттығу жиындарында жарақаттанған. Ал Олимпиада ойындарының ширек финалында қазақстандық Әлішер Ерғалимен белдесуде ол жарақатын асқындырып алған. Бұл кездесуде Әлішер оған әдіс жасаған сәтте Тажудинов оны өзінен асыра лақтырған болатын.

Айта кетейік, Дағыстанда туған балуан бірнеше жылдан бері Бахрейн атынан күреседі. Ол 2023 жылы Азия және әлем чемпионаты, Азия ойындарында топ жарды. Биыл сәуір айында Бішкекте өткен Азия чемпионатында финалында қазақстандық Ризабек Айтмұқанмен күресіп, аз ғана ұпай айырмасымен басым түскен еді. Сондай-ақ, Парижде ол жарақат алғаннан кейін тағы 2 белдесуде айқын басымдықпен жеңіске жетті.