Токио Олимпиадасында Қазақстанға қола медаль сыйлаған Нұрислам Санаев спорттағы мансабын аяқтады

Редактор
23.08.2024, 00:20

Ол Ресейден келген легионер болатын

olympic.kz

Еркін күрестен Токио Олимпиадасында қола жүлдегер атанған Нұрислам Санаев спорттық мансабын аяқтады. Қазақстан құрамасында өнер көрсеткен ресейлік легионер бұл туралы әлеуметтік желіде жазба жариялады.

«Көптеген адам менен бозкілемге қашан оралатынымды сұрайды. Бұл сұрақты мен өзіме бұған дейін талай рет қойғам. Күндердің күнінде спортты аяқтайтынымды сезетінмін. Сол күн келгенде "болды, мен аяқтадым" деп айтуға қорқатынмын. Қазір сол сәт туды. Мен бұл туралы көп ойландым. Күреспен тығыз байланысты өмірім 20 жылдам астам уақытты құрайды. Енді мені жаңа өмір күтіп тұр. Өз күшімді басқа бағытта сынап көруді жөн көрдім. Осы орайда бүгін күрестегі жолымды аяқтағанымды ресми мәлімдеймін», - деді Нұрислам Санаев.

Осылай деген балуан спортпен қоштасуын басқаша сипатта жасамақ болған. Бозкілемге шығып, жанкүйерлеріне алғысын айтып, қарсыластары мен жанкүйерлерін құшақтамақ та болған екен. Алайда, сәті туындамапты.

«Менің жолымда кездескен барша жанға алғысымды айтамын. Өзінің білгенін үйреткен, сенім артқан бапкеріме, дәрігерлеріме, массажистерге, әкімшілерге, БАҚ өкілдеріне, меценаттарға шын ризамын. Қиын сәттерде мені қолдаған жанкүйерлерге алғысымды жеткізгім келеді», - деді балуан.

Нұрислам Санаев Қазақстанға 2014 жылы көшіп келіп, Ақтөбе облысының намысын қорғады. Оның шын есімі – Артас Санаа. Тувада туған балуан 2016 және 2020 жылдары өткен Олимпиада ойындарында бақ сынады. Ол 2018 жылы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанса, 2019 жылы қолаға қол жеткізді. Ал Токиода жартылай финалға дейін жеткен легионер ұтып тұрған сәтінде жаңылып, үнді балуанына есе жіберген еді. Осылайша ол Токио Олимпиадасынан қола медальмен оралды. Спортшы Азия чемпионатында екі мәрте жүлде алса, біреуінде чемпион атанған.