Диёра Келдиёрова президенттің қызының жанына жұмысқа тұрды

Редактор
23.08.2024, 16:57

Бұл туралы Шахноза Мирзиёева мәлім етті

Instagram/Шахноза Мирзиёева

Дзюдодан Олимпиада ойындарының чемпионы өзбекстандық Диёра Келдиёрова Гендерлік теңсіздік пен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық әлеуметтік қорғау агенттігінің әлеуметтік комиссары қызметіне тағайындалды. Бұл туралы агенттік директорының бірінші орынбасары Шахноза Мирзиёева өзінің Instagram-дағы парақшасында мәлімдеді.

«Бұл шешім – әкімшілік хаттама ғана емес, біздің қоғамдағы күрделі өзгерістердің белгісі», - деді Шахноза Мирзиёева. Оның айтуынша, Диёраның жеңісі Өзбекстанның тең мүмкіндіктер мен шексіз әлеуеттер елі екенін тағы бір дәлелдеді. «Диёра заманауи өзбек әйелінің жан-жақтылығын бейнелейді – ол сүйікті қыз, адал әйел, құрметті келін және сонымен бірге біздің елімізді әлемдік аренада танытқан Олимпиада чемпионы. Оның әлеуметтік комиссар ретіндегі жаңа рөлі – бұл Өзбекстанның барлық әйелі үшін нағыз белгі: яғни сіз дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтай отырып, кез келген салада шыңға жете аласыз деген сөз», – деді агенттік басшысының орынбасары.

Шахноза Мирзиёева Диёра Келдиёрованың бұл қызметі елде гендерлік теңдікке қол жеткізуді жеделдетіп қана қоймай, Өзбекстанның халықаралық аренадағы прогрессивті мемлекет ретіндегі ұстанымын нығайтып, бүкіл әлемдегі әйелдерді шабыттандыратынына сенім білдірді. Айта кетейік, Диёра Келдиёрова Париждегі Олимпиада ойындарында топ жарып, дзюдодан чемпион атанған алғашқы өзбек қызы атанды.

Материалда: