Қырғызстанда Олимпиадада жүлде алған даңқты балуанға 1 жылға жететін жанармай сыйлады

Редактор
23.08.2024, 21:42

Бұған дейін оған автокөлік пен ақшалай сыйлық берілген еді

sokol.media.kg

Қырғызстанда Париж Олимпадасында жүлде алған балуанға бір жылға жететін жанармай сыйлық ретінде берілді деп хабарлайды 1bol.kz тілшісі.

Олимпиада ойындарында грек-рим күресінен 77 келіде екінші рет жүлде алған Ақжол Махмұдовқа ерекше сыйлық жасалды. Парижден елге оралған соң спортшыға елдегі компаниялардың бірі бір жылға жетерлік тиісті жанармай көлемін қамтитын сертификатты табыстаған. Енді ол 12 ай бойы көлігіне қажетті отынды тегін алады.

Ақжол Махмұдов 77 келіде соңғы 3 жылда айтулы табысқа қол жеткізген Қырғызстанның танымал спортшысы. Балуан Токио Олимпиадасында күміс жүлде иеленсе, одан кейін екі мәрте әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ, Азия ойындарынының алтынын еншіледі. Ал Париждегі ойындарда ол ширек финалда қазақстандық Демеу Жадраевқа есе жіберіп, жұбаныш белдесуіндегі мүмкіндігін мүлт жібермей, қола жүлдемен оралды.

Айта кетейік, спортшыға қырғыз билігі көлік пен 7 млн сом табыстаған болатын. Сондай-ақ, өзі туған өңірде оған 50 мың АҚШ доллары берілді.