Су спорты бапкері мүгедек қызды зорлап, жазадан құтылып кеткен

Редактор
24.08.2024, 18:16

Ол Украинада соғысып жүр

Proswim.ru

Бурятия астанасы Улан-Удэ қаласында су спортының бапкері сал ауруына шалдыққан қызды ұзақ уақыт бойы зорлап келген. Бұл туралы Мемлекеттік Дума депутаты Вячеслав Мархаев мәлімдеді. 

Жәбір көрген — қыз І топтағы мүгедек және ақыл-есінде тежеу бар. Бапкері оған массаж сеансын тағайындап, уқалау кезінде бірнеше рет зорлаған дейді қыздың анасы.

Болған жайт анықталып, бапкер ұсталған соң, ол сотқа жетпей Қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасқан да Украинадағы соғысқа аттанған.

«Бапкерді "зорлау" және "өлтіру қаупін тудыру" баптары бойынша тергей бастаған. Алайда, Украинаға соғысқа баратын болған соң аталған екі бапты да алып тастап, орнына жеңіл бап тағайындаған, яғни ол енді айыппұлмен құтылып кетуі мүмкін»,- деп жазды депутат Мархаев өзінін телеграм-каналында. 

Айта кетейік, Украина жеріне басып кірген Ресей армиясының қатарында түрмеде жазасын өтеушілер аз емес. Олардың соғыстан аман келгендерінің жазасы кешіріліп, бостандыққа жіберіледі.