Қазақстан балуандары жастар арасындағы әлем чемпионатында алтынсыз қалды

Редактор
24.08.2024, 23:42

Есесіне күміс пен қола медаль жетерлік

UWW

Жастар арасында Иорданияда өтіп жатқан әлем чемпионатында еркін күрестен аса ауыр салмақта белдескен Едіге Қасымбек күміс жүлдегер атанды.

17 жасқа дейінгілер санатында финалға шыққан отандасымыз шешуші сында АҚШ балуанына жол берді. Белдесу бар болғаны 18 секундқа созылып, қарсыласы Едігенің жауырынын жерге тигізді.

Амманда күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында 110 келіде сынға түскен Қазақстан құрамасының балуаны іріктеу кезеңдерінде Үндістан, Жапония, Иран балуандарын ұтқан болатын.

Сондай-ақ, бұл чемпионатта еркін күрестен 65 келіде Бағдәулет Әкімжан қола жүлдегер атанды. Өзге балуандар іріктеу кезеңдеріне есе жіберіп, жүлдеден тыс қалды.

Сонымен қатар, грек-рим күресінен Алпамыс Болатұлы (55 кг), Еркебұлан Анапия (80 кг) күміс жүлдеге ие болды. Ал қыздар арасында Медина Қуанышбек (46 кг), Анна Стратан (57 кг), Ұлдана Тілеухан (65 кг) қола жүлдеге қол жеткізді.