Жастар арасындағы әлем чемпионатында қазақ балуандарының қарсыластары белгілі болды

Редактор
02.09.2024, 00:20

Айтулы жарысқа әйгілі балуан Ризабек Айтмұқан да қатысады

olympic.kz

Ертең Испанияда 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлем чемпионаты басталады. Аталған біріншілікте грек-рим күресінен сынға түсетін Қазақстан балуандарының қарсыластары анықталды.

Классикалық күрестен 55 келіде Айбек Айтбеков бірінші айналымда испаниялық Арто Кастаномен белдеседі. Егер отандасымыз екінші айналымға шықса, Жапония-Грузия балуандары жұбының жеңімпазымен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.

63 келіде Бағдат Сабақ жарысты екінші айналымнан бастайды. Ол Үндістан-Армения балуандары арасында белдесу жеңімазымен ширек финал жолдамасы үшін күреседі.

77 келіде Диас Сейітқалиев алғаш белдесуінде Армения өкілі Х.Геворгянмен өзара мықтыны анықтамақ. Жеңіске жеткен жағдайда украиналық И.Мирзоевпен шеберлік байқасады.

87 келіде Темірлан Тұрдақын Қытай мен Түркия балуандары арасындағы кездесуде жеңіскен балуанмен күреседі.

Ал 130 келіде Джохар Узаров Испаниядағы чемпионатқа қатыспайды. Бұл туралы балуанның өзі әлеуметтік желіде жазба жариялады. Белгілі болғандай, жас балуанның визасына қатысты құжатта қателіктер орын алып, спортшы турнирден қайтуға мәжбүр болған.

Айта кететін жайт, U20 санатында әлем чемпионаты 2-8 қыркүйек күндері аралығында өтеді. Аталған сында еркін күрестен елімізден шыққан алғашқы әлем чемпионы Ризабек Айтмұқан (97 кг) да белдеседі. Сондай-ақ, жастар арасында әлем чемпионы атанған Камиль Куруглиев (92 кг) пен Лаура Ғаниқызы (50кг) да бозкілемге шығады деп күтіліп отыр.