Анам бір тостақ ұн үшін біреудің үйін тазалайтын - Елдос Сметов

Редактор
11.09.2024, 22:34

Олимпиада чемпионы 1998-1999 жылдары болған оқиғаны айтып берді

Видеодан кадр

Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов Нұрлан Қоянбаев жүргізетін «Түнгі студия» бағдарламасында балалық шағы жоқшылықта өткенін айтты.

«Жамбыл облысындағы бір ауылда тұрдық. Әкем құрылыс жағында жұмыс істеп, қалада жүрді. Анам үйде болды. Бір тостақ ұн үшін біреудің үйін тазалап жүргені бар. Соны өз көзіммен көріп өстім. “Мама, қарным ашты, нан жегім келіп тұр” деген кезде балаларының бәрін құшақтап жылайтын. Қарнымыз ашып жатыр деп жыласақ, “балам ұйықтап қалшы, қарның ашқанын білмей қаласың” дейтін. Осы нәрсенің бәрін ұмытып кетсем, ол – менің надандығым. Атақ-абыройға, баршылыққа мастанбауыма тағдырымда болған осындай оқиғалар әсер етті. Бұл қиындықтар ата-анама жақсы өмір сыйлауға мотивация болды», - дейді Елдос Сметов.

Олимпиада чемпионы бұл оқиға 1998-1999 жылдары болғанын айтты. Бала кезде темір өткізіп, нан алғанын еске түсірді.

«Осылай, ата-анамның біз үшін қалай еңбек етіп жатқанын көрдім. Мұны еш жерде айтпағанмын», - дейді спортшы.