БҚО-да пара спортшыларды ұшаққа отырғызбай қойды

Редактор
12.09.2024, 09:21

Көлік министрі болған жайт бойынша тексеру жүргізбекші

inbusiness.kz

Батыс Қазақстан облысында мүгедектігі бар спортшыларды ұшаққа отырғызбай қойған деп жазады «Мой Город» басылымы. Қазақстан чемпионатына қатыспақ болған бір топ пара спортшы соның салдарынан жарысқа пойызбен барды.

Бұл оқиғаның болғаны 10 қыркүйекте жергілікті тұрғындардың Көлік министрі Марат Қарабаевпен кездесуі барысында белгілі болды. Гүлмира Батпақұлова есімді тұрғынның айтуынша, әуе компаниясы өз ережелерін алға тарта отырып, ұшақ бортында мүгедектігі бар екі адамнан артық адам отыра алмайтынын айтқан.

Осының салдарынан пара спортшылар жарыс болатын қалаға жету үшін екі күн бойы пойызбен жүруге мәжбүр болған. Олар министрден мүгедектердің көлікте қозғалу мәселесін шешіп беруін сұрады. 

Министр болса ешқандай ұшақта мұндай шектеудің жоқ екенін айтып отыр. Сондай-ақ, ол аталған оқиғаның мән-жайын зерттеп, кінәлілер болса оларды анықтауға уәде берді. Дегенмен, нақты қай әуе компаниясы туралы әңгіме болғаны айтылмады.

Еске салайық, жуырда ғана Air Astana әуе компаниясының қызметшілері мүгедектер коляскасына отырған халық артисі Бибігүл Төлегенованың ұшаққа отыруына кедергі келтіріп, бұл іске Мәдениет министрі Аида Балаеваның өзі араласқан еді.

Материалда: