Бұған дейін Айбек пен Нұрбек Оралбайлар да дәл осындай видео жариялаған
Қазақ күресінен «Қазақстан барысы» турнирінің үш дүркін жеңімпазы, әлем және Азия чемпионы Бейбіт Ыстыбаев елде АЭС салуды қолдайтынын айтып, көпшілікке видеоүндеу жолдады.
Айта кетейік, Қазақстан аумағында атом электр станциясын салу шешімін қабылдауды президент Қ.Тоқаев халықтың өзіне жүктеген болатын. Яғни, елде 6 қазанда референдум өтеді. Қазіргі таңда танымал өнер және спорт жұлдыздары осы референдумға азаматтарды шақырып әлек болып жатыр.
Алғашқылардың бірі болып видеоүндеу жариялаған әнші Қайрат Нұртас әлеуметтік желіде күлкіге қалса, боксшылар Айбек пен Нұрбек Оралбайлар, дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев жанкүйерлердің сынына ілікті. Енді олардың қатарына Бейбіт Ыстыбаев та қосылып отыр.
Ыстыбаев жуырда ғана өзінің туған жері Жамбыл облысындағы Жоғарғы спорт шеберлігі мектебінің директоры қызметіне тағайындалған болатын.