«Астана» командасына қытайлық инвесторлар тартылады

Редактор
15.10.2024, 15:55

Министр Қазақстан велоспорты үшін жаңа мүмкіндіктер ашылатынын атап өтті

Gettysport

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елорданың велокомандасына қолдау көрсету үшін шетелдік инвесторлармен ынтымақтастық мәселесін талқылады.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, Қытайдың жетекші XDS компаниясының өкілдері – Ли Сианрог (Li Xiangrong) және Лю Вэймен (Lu Wei) Astana Qazaqstan Team велокомандасына қолдау көрсетуге дайын екенін айтқан.

Кездесу барысында Ербол Мырзабосынов шетелдік серіктестермен ынтымақтастықтың Қазақстан велоспорты үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

«Astana Qazaqstan Team – жай ғана велокоманда емес, Қазақстанның ұлттық мақтанышы әрі спорттық мұрасының символы. Шетелдік инвесторлардың біздің велокоманданы қолдауы әлемдік аренадағы орнымызды нығайта түседі», - деді министр.

Жиынға туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, Олимпиада чемпионы, Astana Qazaqstan Team командасының бас менеджері Александр Винокуров қатысты.

Қытайлық инвесторлар белсенді ынтымақтастыққа дайын екендіктерін жеткізіп, жобада тек коммерциялық әлеуетті емес, сонымен қатар Қазақстан мен Қытай арасындағы достық және спорттық байланыстарды нығайту мүмкіндігін де қарастыратындарын айтты.