Тәуелсіз Қазақстанның Олимпиада ойындарындағы алғашқы ту ұстаушысы кім болды?

Редактор
16.12.2024, 22:14

Ең алғаш рет көк туымыз Барселонада желбіреген болатын

ҰОК

1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заң қабылданды. Ал 7 айдан кейін Испанияның Барселона қаласында XXV жазғы Олимпиада ойындары басталады. Бұрынғы КСРО құрамасы біріккен команда болып өнер көрсетіп, салтанатты ашылу рәсімінде әрбір тәуелсіз республикадан ту ұстаушылар шығады. 

Осы тұста еліміздің көк байрағын кім алып шығады деген сұрақ туындайды. Әрине, бұл үлкен жауапкершілік. Сол кезде тәуелсіз Қазақстанның бірінші Туризм, дене шынықтыру және спорт министрі Қаратай Тұрысов, ұлттық олимпиадалық штабтағы әріптестерімен кеңесе отырып, спортшыларды іріктеуге кіріседі. Өйткені туды ең лайықты үміткер көтеріп шығу керек. Бұл басты байрақты бәсекеде Қазақстанның өз туының астындағы алғашқы өнер көрсетуі. Жиынға қатысушылар бірауыздан грек-рим палуаны 29 жастағы Дәулет Тұрлыхановтың кандидатурасын қолдайды. Ол кезде Тұрлыханов КСРО-ның 7 дүркін чемпионы, КСРО Спартакиада жеңімпазы, Әлем, Еуропа чемпионы, Әлем кубогының иегері және 1988 жылы Сеулде өткен Олимпиаданың күміс жүлдегері болатын.

Сөйтіп, Дәулет Тұрлыханов Олимпиада ойындарында Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы ту ұстаушы болып тарихқа енеді. Барселона ойындарында Тұрлыханов қола медаль жеңіп алады.