«Қазақ емес»: қырғыздың танымал балуан қызы өзінің болашақ күйеуі туралы айтты

Редактор
17.12.2024, 10:14

Ол тойға дайындығын Қазақстанда өткізіп жүр

24.kg

Қыздар күресінен әлемнің үш дүркін чемпионы, Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері қырғыз Айсұлу Тыныбекова өткен аптада күйеуге шығатынын мәлімдеген болатын. Әлеуметтік желі қолданушылары оның өмірлік жолдасы қазақ болуы мүмкін деген сыбыс таратқан. Алайда, спортшының өзі бұл қауесетті жоққа шығарды.

Instagram әлеуметтік желісінде Айсұлудан жанкүйерлерінің көбі оның болашақ күйеуінің ұлты туралы сұрапты. «Сіз расымен де қазақ жігітіне күйнуге шығып жатырсыз ба?» деп сұраған олар. Балуан қыз болашақ күйеуінің қырғыз екенін, Қырғызстан азаматы екенін мәлімдеді.

62 келіде күресетін Айсұлу Тыныбекова 4 рет Олимпиада ойындарына қатысты. Ол алғаш рет Лондон Олимпиадасында сынға түсіп, содан кейін елдегі әйелдер күресінің дамуына тың серпін берді. Рио Олимпиадасында бесінші орынға табан тіріп, Токиода күміс, Парижде қола жүлде иегері атанды.

Айсұлу егемен қырғыз тарихында әлем чемпионы атанған алғашқы спортшы. Ол әлемнің – 3, Азияның – 6 дүркін чемпионы. Сондай-ақ, Азия Ойындарында алтын, күміс, қола жүлде иегері атанған. Бұдан бөлек, әлем біріншілігінде бір рет қола, Азия чемпионатында 2 күміс, 2 қола медальді иеленді. 2020 жылы әлем кубогінде топ жарды.

Парижде өткен Олимпиада ойындарында спортшы қола жүлде иеленіп, елге оралғаннан кейін сый-құрметке бөленген еді.

Жақында ғана елдің күрес түрлері федерациясына әйелдер күресі бойынша вице-президент болып тағайындалған спортшы енді ұзату тойын өткізуді көздеп отыр. Аталған шара алдындағы фотосессияны Алматыда өткізгендіктен жанкүйерлері оның күйеуінің Қазақстан азаматы болуы мүмкін деген әңгіме таратқан. 

Спортшы 2028 жылғы Олимпиадаға қатысуды да көздейді.